489

Депутат дипфейктердің әйелдер мен балаларға қаупін көтерді

Құрылтай депутаты жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған интимдік материалдарға алаңдады.

Депутат дипфейктердің әйелдер мен балаларға қаупін көтерді
istockphoto.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда адамның бейнесі мен дауысын жасанды интеллект арқылы рұқсатсыз пайдаланып, жалған фото, видео және аудиоматериал таратуға қарсы шараларды күшейту ұсынылды. Мәжіліс емес, Құрылтай депутаты Гүлісхан Нахбаева мұндай технологиялардың, әсіресе әйелдер мен балаларға қауіп төндіретінін айтып, бірнеше мемлекеттік органға депутаттық сауал жолдады. 

«Әділет» партиясы фракциясының атынан жолданған сауал Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке, мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа және ішкі істер министрі Ержан Сәденовке бағытталған.

Депутаттың айтуынша, қазіргі технологиялар адамның шын мәнінде айтпаған сөзін сөйлетіп, жасамаған әрекетін жасатқандай көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай жалған материалдарды әзірлеу үшін күрделі техникалық білімнің қажеті жоқ: ашық дереккөздегі фотосурет немесе дауыс жазбасының өзі жеткілікті болуы мүмкін.

Нахбаева әсіресе адамның келісімінсіз интимдік сипаттағы жалған фото мен видеолар жасаудың қауіпті екенін атап өтті. Оның сөзінше, материалдың толығымен жасанды болуы да жәбірленушінің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Бұл ретте әйелдер мен кәмелетке толмағандар осал топ саналады.

Депутат цифрлық ортада адамның бейнесі мен дауысы заңсыз пайдаланылған жағдайда азаматтар қайда жүгіну керегін, жалған материалды қалай өшіртуге болатынын және оны жасаған не таратқан адамдарды жауапқа тарту жолдарын нақты білуі қажет деп есептейді. Өйткені интернетте ақпарат өте жылдам таралып, құқық бұзушылықтың салдарын жоюды қиындатады.

Сондай-ақ ол жеке тұлғаның құқығын қорғау кезінде сөз бостандығы, журналистік, ғылыми және көркемдік қызмет мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін айтты. Алайда адамның қоғамға танымал болуы оның атынан жалған мәлімдемелер таратуға рұқсат бермейтінін еске салды.

Осыған байланысты Гүлісхан Нахбаева мемлекеттік органдарға төрт ұсыныс білдірді. Атап айтқанда:

  • адамның бейнесін, дауысын және цифрлық келбетін заңсыз пайдалану деректеріне қатысты қолданыстағы заңнаманы бірізді қолдануды қамтамасыз ету;

  • құқыққа қайшы синтетикалық контентті жедел анықтап, оның таралуын тоқтату үшін мемлекеттік органдар мен онлайн-платформалардың, соның ішінде шетелдік сервистердің өзара іс-қимылын күшейту;

  • дипфейк жасау және тарату деректерін анықтау мен тергеу мүмкіндіктерін жетілдіру, цифрлық сараптама әдістерін дамыту және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру;

  • құқық қолдану тәжірибесіне талдау жүргізіп, анықталған мәселелерді шешуге жауапты органдар мен нақты мерзімдерді белгілеу.

Депутаттар фракциясы онлайн-платформалар мен жасанды интеллект саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысына атсалысуға дайын екенін мәлімдеді.

Материал авторы