355

Қазақстанның 16 облысында дауылды ескерту жарияланды

Еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт бұзылады.

Қазақстанның 16 облысында дауылды ескерту жарияланды
Sergei Starostin / pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның 16 облысы мен Астана қаласында 27 қарашаға арналған дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» мамандары еліміздің басым бөлігінде ауа райының күрт бұзылатынын, атап айтқанда, қар жауып, бұрқасын соғатынын және көктайғақ болатынын ескертеді.

Астанада және Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстарында негізінен қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады. Бұл өңірлерде желдің жылдамдығы секундына 30 метрден асуы ықтимал, сондықтан тұрғындарға сақтық шараларын сақтау қажет.

Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында ауа температурасы күрт төмендейді. Күндіз ауа температурасы 5-10 градус жылыға дейін, ал таулы аймақтарда 0-5 градус аязға дейін суытады.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында да жауын-шашын мен көктайғақ сақталады. Синоптиктердің болжамы бойынша, өңірлерде тұман түсіп, желдің күшеюіне байланысты жолдардағы қауіпсіздік шараларын ескеру маңызды.

Материал авторы