Жемқорлықты әшкерелегендерге 17,3 млн теңгеге дейін төленеді
Сыйақы мөлшері қылмыстың ауырлық дәрежесі мен пара сомасына тікелей байланысты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан азаматтары сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлағаны үшін 129 750 теңгеден бастап 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы ала алады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі төлемдерді есептеу тәртібі мен оны алу шарттарын түсіндірді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабарлағандарға 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Ал қылмыстық істер бойынша сыйақы мөлшері қылмыстың ауырлық дәрежесіне қарай 40 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін (173 000 – 432 500 теңге) өзгереді.
Егер пара немесе келтірілген залал көлемі 1 000 АЕК-тен (4 325 000 теңге) асса, арыз иесіне соманың 10 пайызы төленеді. Дегенмен, бұл сыйақының ең жоғарғы шегі 4 000 АЕК-тен, яғни 17,3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Сыйақы алу үшін азаматтар алдымен құқық қорғау органдарына жемқорлық туралы хабарлауы қажет. Төлемді рәсімдеуге сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін ғана өтініш беруге болады. Комиссия өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарастырады.
Алайда жалған ақпарат бергендерге, қылмыстың орындаушылары мен сыбайластарына, сондай-ақ құпия негізде ынтымақтасатын азаматтарға ақшалай сыйақы төленбейді. Сондай-ақ, жемқорлық туралы хабарлау қызметтік міндетіне кіретін мемлекеттік қызметшілерге ақшалай төлем емес, алғыс хат немесе грамота берілуі мүмкін.
Аталған өзгерістер ҰҚК төрағасының 2026 жылғы 5 тамыздағы № 84/қе бұйрығымен бекітілген.
Материал авторы