Цифрлық Қазақстан “ертегісі” мен көзге көрінбейтін IT жетістіктер

02.08.2023, 18:13
1367
Цифрлық Қазақстан “ертегісі” мен көзге көрінбейтін IT жетістіктер bluescreen.kz

Жыл басынан бері дүйім жұртты таң қалдырғаны — OpenAI ұсынған ChatGPT-дің жетістігі еді. Қойылған сұраққа адаммен тең дәрежеде дәл, әрі нақты жауап бере алатын бот кешегі күні біз елестете де алмаған дүниені көзге шұқып тұрып көрсетті, дәлелдеді. Жасанды интеллектінің бұл қарқынынан біреу қорықты, біреу қуанды. Біз ше? Біздің ел қандай IT жетістігімен қуантып жатыр? Жұрт AI деп шулайтын жасанды интеллектінің жылдамдығы бізде әлі де баяу ма? Әлде қолда барымызды байқамай, елемей жүрміз бе? Бұл сұрақтарға жауапты smartnews.kz тілшісі тарқатады.

2022 жылы күзде Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы өткен еді. Форумда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай Қазақстан кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман дайындау туралы сөз еткен еді. Араға жыл салмай Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысқан мемлекет басшысы еліміз цифрландыру бойынша ілгерілегенін жеткізді. Оның айтуынша, еліміз Digital IQ даму қарқыны бойынша 20-орында, ал цифрландыру саласы 12%-ға өскен.

— Былтыр IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Мақсатымыз – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, – деген еді Президент.

aqorda_resmi

Айтқандай, еліміз IT саласына зор үміт артып, барынша күш салып отыр. Оны осы салаға республикалық бюджеттен құйылып жатқан қаражаттың көлемінен де байқаймыз. Цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөліп отыр. Атап айтсақ, 2022 жылы – 2,7 млрд теңге, 2023 жылы-2,9 млрд теңге. Ал 2021 жылы саланы дамытуға 1,9 млрд теңге бөлінген.

Ал ведомствоның 2023-2027 жылдарға арналған жоспарларына сәйкес, алдағы бес жылда технологиялық дамуға 545 млрд теңге бағытталмақ. Оның ішінде 172,7 млрд теңге ағымдағы жылдың жобаларына арналмақ.

Осыншама қаржы Қазақстанды тұтас цифрландыруға, тіпті цифрландыруды әр тараптандыруға (салалар мен аймақтар бойынша) жете ме? Цифрландыру демекші, 2017 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарған тұста “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы да іске қосылған еді. 2018-2021 жылдар кезеңінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 207,8 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 82,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 29,9 млрд теңге және басқа көздерден – 95,2 млрд теңге жұмсалған. Нарық басылымының дерегінше, осынша қаржы бөлінген бағдарламаның 125 іс-шарасының 16-сы мерзім сақталмағандықтан ішінара орындалған. Ал 21 іс-шара белгіленген мерзімде аяқталмаған.

Цифрлық даму министрлігі (ЦДИАӨМ) мен «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ-ның тиімсіз басқарылуына байланысты шала жансар күйде жасалған жобалар да болды.

— ЦДИАӨМ және «ҰАТ» АҚ тарапынан тиімсіз менеджментке байланысты сомасы 987,9 млн. теңгеге мынадай: «Smart Contract», «Е-Заң көмегі» заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі», «Бірыңғай байланыс орталығы» шығынды және перспективасыз инвестициялық жобалар бар, - делінген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің аудиторлық қорытындысында.

Бұл деректерге қарап, Қазақстанды цифрландыру ісі сәтсіз аяқталар деп ойлау заңды. Десек те, еліміздегі жаңғырып жатқан жобалар мен тың стартаптар аз емес. Мәселен, елді цифрландыру мақсатында жүзеге асқан жобалардың бірі — «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі 2018 жылы ашылды. Биылдан бастап осы технопарктің тәжірибесін қолдана отырып, аймақтық IT Hub-тар ашыла бастады. Әрине, олар ашылар-ашылмастан жемісін сұрау мүмкін емес. Десек те, 5 жыл бұрын ашылған Astana Hub-тың қатарында аяққа тұра алған Cerebra, ApartX, Kids Security, Oquda, DarynOnline, Okoo, Super­moms Club, UvU Ridesharing, CTO­gram, iDos Games, өзге де дамушы компаниялар бар. Бұлардың берген жемісі мен шығынын төменде тарқатамыз.

astana_hub

Еліміздегі цифрландыру ісі 2020 жылға дейін әупірімдеп жүріп жылжыды. Бірақ көп күштің арқасында өзгелерден озған тұсымыз да жоқ емес. Мәселен еліміздің цифрлық дамуының басты дәлелі – eGov.

Электронды үкіметтің eGovMobile қосымшасы 2022 жылы 11 миллионнан астам мемлекеттік қызметтерді ұсынған. Ал eGov.kz сайты – еліміздегі ең гигант сайт деуге болады. Әр ай сайын сайтқа Zero статистика мәліметінше миллионнан астам адам кіреді. Қазақстан азаматтарының 30-ға жуық цифрлық құжаты осы электронды үкіметте қолжетімді күйде тұр. Десе де, бұл жобаның кемшілігі де жоқ емес. Әлемдік пандемия мен карантин кезінде eGov.kz сайты бірнеше рет “құлап” қалды. Бұл жайында тіпті Есеп комитеті де мынадай тезисті келтіреді:

— Интернетке қол жеткізу сапасының проблемасы әсіресе пандемия мен карантин кезеңінде қатты сезілді, жаппай интернет-трафик пен халық тарапынан оған деген сұраныс қолда бар қуаттарды шамадан тыс жүктеді және ақпараттық жүйелердің жиі істен шығуына және «ілініп қалуына» алып келді (Egov электрондық үкімет сайтына қол жеткізудегі іркілістер ХҚО-ның көптеген функцияларын осы платформаға ауыстыру салдарынан болды; "Еnbek.kz" еңбек биржасы сайтының «тоқтап қалуы» халықтың әлеуметтік жәрдемақы төлеуге жаппай жүгінуі нәтижесінде болды). Осы кезеңде орта білім берудің қашықтықтан оқыту жүйесіне көптеген шағымдар түсті және онда кемшіліктер болды, өйткені көптеген ата-аналар мен оқушылар сабаққа тек ауылдарда ғана емес, қалаларда да қосыла алмады, - делінген комитет хабарламасында.

Десе де, бұл іркіліс Қазақстанның электронды үкіметіне тоқырау емес, үлкен серпіліс әкелді. Қателіктер түзеле келе, 2020 жылдан бастап eGov.kz және eGovMobile жобалары қарқынды дамумен болды. Соңғы енгізілген мемлекеттік қызметтердің бірі – несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш. Бұл өтініш түрін ЦДИАӨМ министрі Бағдат Мусин хабарлады. Оның айтуынша, eGovMobile қосымшасындағы бұл тетік азаматтарды алаяқтардың арбауынан құтқармақ. 

Электронды үкіметтің мемлекеттік құжаттарының кейбірі 2022 жылдың көктемінде екінші деңгейлі банктерге беріле бастады. Бәріне белгілі Kaspi және Halyk Homebank қосымшалары біраз адамның өмірін жеңілдете алды. Қосылған кезінде кейбірі екінші деңгейлі банктер азаматтардың әртүрлі цифрлы құжаттарына қолжетімді болуы шошытты. Себебі кибершабуыл болса, барлық жеке ақпарат тарап кетпей ме деген қорқыныш та болды.

Банк платформаларындағы мемлекеттік қызметтер біраз ХҚКО-тарының кезегін азайтқанымен жаңа мәселелер пайда болды. Мәселен жақында некеге отыру онлайн жүзеге аса бастады. Бірақ бір айға жетпестен бұл батырма алынып тасталды. Неге десеңіз, әлеуметтік желіде бұны көрген жұрт жапа-тармағай бір-бірімен некеге отыра бастады. Әрине, қызық үшін. Қызық үшін деп өз әкесімен некеге отырып көргендер де бар екен. Оның ішінде блогер, медиа-тренер Ақерке Берлібай бар. Оның айтуынша, әкесінің некелі адам екеніне қарамастан, банк өтінішті мақұлдаған.

Осындай да олқылықтар болды. Сараптап көрсек, цифрландырудың дәл мұндай түрлерін дамыған елдер ұсына да қоймаған болар.

Дамыған ел демекші, АҚШ-та бірнеше жылдан бері өмір сүріп келе жатқан Абылайхан Қасымов сайтымызға сұхбат берген еді. Ол АҚШ пен Қазақстан цифрландыруындағы өзі байқаған артықтықшылықтарды салыстыра кетті.

— АҚШ-та eGov сияқты электронды үкімет жоқ. Біздің eGov ыңғайлы, және көпфункциялы. Мемлекеттік қызметтерді арнайы мекемелерге бару арқылы аласың, кей жағдайда телефонмен болады. Ал Kaspi-дің озып тұрғаны рас деп ойлаймын. Мен қазір қолданатын және бұған дейін қолданған банктың қосымшаларында Kaspi Bank-тағыдай мүмкіндіктер жоқ, - дейді спикер.

Байқағанымыздай, ЦДИАӨМ мен «ҰАТ» АҚ-ы айтарлықтай іс атқарған сыңайлы. ХҚКО-тарындағы бірнеше кезекті артқа жылжытқан бұл бастамалар қателіктерден сабақ алып, тез арада жедел түзету жасай алды.

Мемлекеттің цифрландыруға ынтасынан бөлек, жастарымыздың соңғы кезде жасанды интеллекті тақырыбы қатты қызықтыратыны байқалды. Бұған дейін әлеуметтік желіде жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен түрлі фото-видео мен музыка жасап жүрген жастарды жиі байқадық. Десе де, олар қолданатын бағдарламаларды өзге елдер нарыққа енгізіп отырды. Ал біздің отандық жасанды интеллекті қайда? Бұл сұраққа нақты жауап беретін, ауыз толтырып айтуға тұрарлық отандық жобалар жоқ емес, бар екен. Бірақ көпшілікке бейтаныс болса керек. 

Айталық, АҚШ-та білімін жетілдіріп жатқан IT-сарапшы Тимур Бектұрдың ChatGPT туралы курсын алып үйренушілердің саны көп-ақ. Одан бөлек, IT-сарапшы Алтынбек Мұратпен бірігіп Qazaq AI жасап шыққан. Qazaq AI платформасы бірнеше бағыттар бойынша жұмыс жасай алады. Мәселен, SozimAI, AdemiAI, BalamAI, KorkemAI, DamysAI, BilimAI жобалары біріктірілген.

Бұл жасанды интеллект әртараптанған платформа десек те болады. Десе де, елімізде салалық IT негізіндегі жобалар да дамып келеді. Салалық деп отырғанымыз, IT мен AI-дың түрлі салалар бойынша іске асуы. Әлеуметтік қажеттіліктен бастап, медицина, гуманитарий ғылымдарының қажетіне жарауы.

Мәселен, ерекше салалық IT және AI жетістіктің бірі – ишемиялық және геморрагиялық инсультті автоматты түрде диагноз қою арналған нейрорадиологиядағы Cerebra жасанды интеллекті. 2018 жылдан бастап іске асып келе жатқан жобаның негізін қалаушысы Досжан Жүсіпов жобаға мынадай сипаттама келтіреді:

— Әлемде инсульт диагностикасымен айналысатын бірнеше ғана ірі компаниялар бар. Израиль, Ұлыбритания және АҚШ бәсекелестерінің қаржы, персонал саны, ЖИ оқытуға медициналық деректер көлемі бойынша айқын артықшылықтарына қарамастан, біздің командамыздың адамзатқа пайдасын тигізуге мотивациясы мол. Дамыған елдерде инсульттан болатын өлім-жітім көрсеткіші азайтылды, ал біздің елімізде инсульт өлімнің бірінші себептерінің бірі болып қала береді. Жобаны шетелге масштабтау үшін біз Қазақстанда жақсы нәтиже көрсетуіміз керек, бұл үшін біз мемлекеттік қолдауға мұқтажбыз, - дейді Досжан Жүсіпов.

Ең қауіпті, әрі елімізде кеңінен тараған аты жаман ауруды алдын-алуға жасанды интеллект көмекші болады деп ешкім ойламаған да болар. Еліміздің медицинасындағы жалғыз IT жетістік бұл ғана емес. AI Dentis – жасанды интеллект көмегімен онлайн цефалометриялық сараптама жасайтын жүйе. Жүйені жасап шығарушы Асылзат Исатаеваның айтуынша, AIdentis стоматологқа тісті емдеу барысында жәрдемдеседі. Дәлірек, тістердің конус-сәулелік компьютерлік томографиясы (КСКТ) суреттеріне автомат түрде бейнесін келтіреді. Яғни жасанды интеллект бар болғаны 2-3 минут ішінде суреттерді құрастырып, дәрігерге емдеу кезінде қателеспеуге көмектеседі. Жоба әсіресе ортодонттардың қызметі үшін тиімді дейді идея авторы.

Бұл медицина саласындағы IT мен AI жобалар стартап байқауларында бақ сынап, инвесторлар тарттыру арқылы күн көріп отыр десек те болады. Мәселен AI Dentis жобасын ілгерілетіп жүрген Асылзат Дүйсенованың жобасына инвестор 25 мың АҚШ долларын құйса, Most Ventures венчурлық қоры 20 мың АҚШ доллары көлемінде чек ұсынған. Не дегенмен, аталған жобалар елімізді былай қойғанда әлемдік деңгейдегі үздік стартаптар. Атап айтқанда, Cerebra жобасы Medtronic компаниясының дерегі бойынша әлемдегі үздік стартаптар ондығына кірген.

Медицинаны былай қойғанда, тіл саласында да жасанды интеллектінің көмегі аз боп отырған жоқ. Мәселен, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жақында тың жаңалығымен бөлісті. Орталық пен «Speech Lab» ЖШС меморандумға қол қойды. Меморандум арқылы жасанды интеллект қазақша сөйлеуі қажет.

«Speech Lab» - жасанды интеллектіні еліміздің аудиториясына бейімдеу бойынша үлкен бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан компания. Бұл дегеніміз Siri мен Алисаның қазақстандық нұсқасы пайда болады деген сөз. Одан бұрынырақта Тіл-Қазына орталығы Telegram қосымшасында мәтінді сөйлететін ботты ұсынған еді. KZSTT_bot арқылы сөйлеуді мәтінге айналдырса, KZTTS_bot арқылы мәтінді Айгүл мен Дәулет есімді дауыстар сөйлетеді. Бұл боттар Microsoft Azure-дың интеграциясы ретінде тестілеуге берілген. Бұл әрине, батыстық жасанды интеллектінің жетістіктерінен бірнеше қадам артта болса да, жоқ емес.

Жастарымыз басқалардан гөрі Қазақстанды цифрландыруға аса мүдделі екенін әлеуметтік желідегі белсенділігінен де байқауға болады. Желіде ЖИ көмегін пайдаланып, контент жасайтын парақшалар аз емес. Мәселен, сайтымызға сұхбат берген Айдын Үмбетов орта мектеп оқушысы болса да, көптеген жобаларды іске асыруды армандайтынын жеткізді.

— Болашақта IT мамандығын таңдағым келеді. Киберқауіпсіздік саласында қызмет етіп, тың идеяларды іске асырғым келеді. Әлі мектеп оқушысы болсақ та, достарымызбен сайт жасауды, код жазуды интернет арқылы үйреніп алдық. Себебі мектепте оларды үйрететін пәндер жоқ. Қазір ChatGPT-ті тиімді қолдануға тырысып жатырмыз. Болашақта одан да күшті отандық жасанды интеллектіні жасап шығарғымыз келеді. Бірақ біліміміз әлі де жетпейді. Жасап жатсақ, стартап жоба ретінде ұсынамыз деген ой бар, - дейді Айдын.

Жалпы алғанда еліміздегі цифрландыру құр сөзбен ғана іске асып жатқан жоқ. Әрине, мемлекеттік бюджеттен құйылған кейбір жобалар шала аяқталды, тіпті аяқталмағандары да бар. Оны жоғарыдағы Есеп комитетінің дерегінен көрсеттік. Электрондық үкіметтің де кемшіліктері аз болмады. Бірақ қоғамның талабы ескерілгендіктен болар, eGov-тың қателіктері түзеліп, уақыт өте ұтымды шешімдері мен маңызды функциялары аз болмады. Демек Цифрлық Қазақстанның мақсаты жай ертегі боп қалмағаны. Ескерсек, елдегі цифрландыруды ерекше қолға алып, әрі қарқынды ілгерілетіп отырған – жас буын. Олардың жасанды интеллектінің көмегіне жиі жүгінуі еліміздегі қажетті қосымшаларды іске асыруға әсер етті. Бұған біз елемеген, әрі көзге көрінбеген IT жетістіктеріміз дәлел. Мәтінді сөйлетуден бастап, медициналық көмекті AI арқылы шешу технологиядағы ұтқырлық болды.

Қорыта келгенде, елімізді ертегі деп ойлаған “Цифрлық Қазақстанға” айналдыруға жастар көбірек мүдделі дедік. Сол жас бастамашы IT мамандардың билікке салар қолқасы біреу-ақ – жастардың тың идеясын іске асыру үшін мемлекет тіреу болса деген өтініш. Ол үшін тиісті ведомстволар жоғарыдағы ақысы миллиардтаған шала жобалардың қателігін қайталамауы шарт.

Дана Асылбек

Джиу-джитсудан Әлем чемпионы Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» клубына қосылды ШҚО-да «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша алғашқы сәби дүниеге келді Блогер Дархан Жолшыбеков 300 миллион теңгеге алған зәулім үйін оқырманына тегін сыйға бермек (ВИДЕО) Асырап алған қызын 10 жасынан бері зорлап келген орманшы өзін атып өлтірді «Мен кіммін сонша?!»: Димаш Құдайберген жанкүйеріне құрметі үшін автограф беруден бас тартты Париж олимпиадасында жүлдесіз қалған балуан Әлімхан Сыздықов әлем чемпионы атанды «Жұмада жамбасы жерге тиді…»: Сәкен Майғазиевтің туған әпкесі өмірден өтті «Қызы емес, әйелі сияқты қарағанын байқадым»: оқушысын өгей әкесі зорлап жүргенін сынып жетекші қалай біліп қойған? Бүгін Мұстафа Өзтүрік тірі болса, 70 жасқа толар еді… Демалыс күндері ауа райы қандай болады? «Сағаты – 100 миллион теңге»: Тұрсен Алагөзовтің бір күндік образы белгілі болды «Алматының түндері-ай»: Қайрат Нұртас орындайтын әннің авторы туындының қалай хитке айналғанын айтты Шалыс басқан жастарға жазаны жеңілдету ұсынылды Украинада 300-ге жуық қазақстандық болуы мүмкін Шымкент әкімі де футболға бөлінетін қаржыны қысқартатын болды АҚШ түшкірсе, Ресей тұмаурата ма: Жаңа санкциялар қандай? «Ота кезінде көп қан кеткен»: Семейлік ана 13 жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайды Украина мен НАТО шұғыл кеңес өткізеді «Балғамен ұрып өлтірмек болды»: ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны ұрып өлтірмек болған (ВИДЕО) Мұнайшылар ереуілі: Жұмыскерлерге қысым көрсетіліп жатқаны рас па?