Бұл туралы ағылшындардың 1821 жылдан бері шығып келе жатқан The Guardian деген басылымы жазды. Басылым Израиль әскерінің Газаға абайлап, әзірге өте шектеулі құраммен кіргенін айтады. Яғни операциядан гөрі рейд деуге келеді.
Бұл өте күрделі шешім. 2 миллион 300 мыңдай тұрғынның арасынан ХАМАС тобына қатысты адамдардың бәрін танып ажырату мүмкін емес. Олардың көпшілігі халықтың ішіне сіңіп кетуде. Операция кезінде алыстан атқылаумен қатар екі жақтың қақтығыстары болып жатыр. Газа аймағының жер астын шиырлаған жолдар мен тұрақтарға айналдырған. Жер асты жолдарының ұзын-ырғасы 500 шақырым деп жатыр. Бір басы Египеттен шығатын көрінеді. Тіпті жер астында ракеталар мен химиялық қаруларды жасап шығаратын ұстаханалар бар екен. Бірақ қаруларының дәл ұшпайтыны және ұзаққа бармайтыны соғыста байқалып жатыр. Газадан ұшырылған ракеталардың үштен бірі Израильге жетпей, Газа аймағының өзіне түсіп жарылып жатыр деген сөз бар.
ХАМАС құрылымының штабтары мен командирлерінің бас қосып мәслихат құратын орындары мешіттердің, ауруханалардың, оқу орындарының жер асты деп жатыр. Израиль әскері қалай болғанда да ХАМАС құрылымдарын түгелімен жоюға бекінген. Бірақ мұның қиын жағы – екі ортада бейбіт тұрғындар да оққа ұшады немесе жарылысқа тап болып көз жұмады. Себебі Палестинаның Газа аймағы дүниежүзі бойынша ең халқы тығыз орналасқан жер. Осы күнге дейін Израиль әскері ХАМАС-тың шоғырланған нысандары деп атқылағанда жүздеген жай тұрғын қаза болды. Қаза болғандардың саны төрт мыңнан асып кетті. Арасында жас балалар мен әйелдер, қарттар аз емес. Екі аптадан астам уақыттан бері Газа секторы нағыз тозаққа айналған. Израиль ол аймақты толық блокадаға алғаннан кейін су да, тамақ та, дәрі-дәрмек те кіргізілмеген. Оған қоса Газа қаласының өзі атқыланып, үйлер жермен-жексен болуда. Ракетамен атқылағанда ХАМАС құрылымының адамдарымен қоса бейбіт тұрғындар да қазаға ұшырап жатыр. Сырттан гуманитарлық көмек Газаға енді кіргізіліп жатыр. Соңғы екі-үш күнде Египетпен арадағы шекарадан үш партиямен елуден аса жүк көлігі шет елдердің гуманитарлық бұйымдарымен кіргізілді. Жүкті Израильдің адамдары мұқият тексеріп өткізеді. Жүк кіргізуге келісім берген Израильдің қойған шарты сондай. Гуманитарлық көмектің дені – азық-түлік пен дәрі-дәрмек.
Таяуда Газа аймағында 67 Қазақстан азаматы бар, олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда кемі 100 адамымыз бар деген ақпарат тараған. Израильдің Газа аймағын 22-қазан күнгі атқылағанында талай адам көз жұмды. Соның ішінде Қазақстан азаматы болып табылатын әйел адам қаза болды деген дерек тарады. Ол әйелмен бірге 23 жастағы қызы да бірге қаза болған. Қазақстанның әйелі жасында Палестина азаматына тұрмысқа шығып, осы күнге дейін ерімен және бала-шағасымен сол жақта тұрып келген екен. Марқұм қызы 23 жаста болса, өзі шамамен 45 жастың ол жақ-бұл жағында болған шығар. Қызы Палестина азаматы болыпты. Марқұм әйел Қазақстанның қай аймағының тумасы, аты-жөні кім екені әзірге анық емес. Сыртқы істер министрлігі тарапынан Газа аймағындағы Қазақстан азаматтарын елге жеткізу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр деген хабар тараған.
Газаға жерүсті операциясын бастаған Израиль әскері аймаққа әуе күштерімен, тактерімен және жаяу әскерімен кірді. Мақсаттары жер үстіндегі және астындағы ХАМАС әскери құрылымдарын жою, кепілдікке әкетілген Израиль және өзге шет ел азаматтарын тауып қайтарып алу. Кепілдікке алынғандардың ішіндегі АҚШ азаматтығы бар екі адамды ХАМАС-тың өзі қайтарды. Қазір кепілдікте кемі 222 адам бар. Оларды жер астындағы тұрақтарының бірінде ұстап отырған болуы мүмкін.
Негізінен, Израильдің Газада жансыздар, яғни агенттер ұстауы қожырап кеткен деп жатыр. Егер агенттер ұстап, мәліметтермен жұмыс жүргізілгенде ХАМАС-тың жасаған жан түршігерлік шабуылының алдын алған болар еді. Агенттер арқылы ХАМАС тобының барлық мүшелері жайлы деректер мен мәліметтер толық болар еді. Мәліметтер толық болса оларды шетінен жою немесе қолға түсіру жеңілдеген болар еді. Қазір өздеріне белгілі ірі командирлерінің көзін жойып, штабтары мен басқару тіректерін жатып жатыр. Ал жаппай ХАМАС мүшелерін қайдан табамыз деген сұрақтың жауабы жоқ. Мың-сан адамның ішінен қайсысын жойып, қайсысын тұтқындауды білмейтін халде. Жалпы, Израильдің барлау қызметінің жұмысы босаңсып, жағасы жайлауға кеткені жайлы айтылуда. Жерүсті операциясы аяқталғаннан кейін арнайы комиссия құрылып, кінәлілер жазаланатын болады деп жатыр.
Тағы бір маңызды нәрсе, жерүсті операциясы ертелі-кеш бітер, содан кейін не болатыны әзірге бұлыңғыр. Газаны Израильдің өзі алмайтыны белгілі. Оның әкімшілік басқару ісін Палестина ұлттық автономиясына бере ме, әлде әр түрлі мемлекеттердің өкілдерінен құралған қоалициялық уақытша әкімшілік басқару органы құрыла ма, оны қазір ешкім білмейді. Газаның халқын босқын ретінде де көрші елдердің ешқайсысы қабылдағысы келмейді. ХАМАС-тың Палестинаны азат ету үшін Израильді жою идеологиясы Газа аймағын мекендеуші тұрғындардың қанына сіңіп кеткен деп қарайды.
Израильдің Газаға жасап отырған жерүсті операцияғы немен тынары да әзірге белгісіз. Мақсаттарына жете ме, әлде жете алмай, ХАМАС-тың билігі сақталып қала ма, кім білсін. Тек бейбіт тұрғындар қазаға ұшырауы тоқтаса, соның ішінде ол жақтағы Қазақстан азаматтары да аман болса дейміз.