Жер дауымен соғысу Оңтүстік Америкада да бар

29.12.2023, 13:55
826
Жер дауымен соғысу Оңтүстік Америкада да бар

Венесуэла өзінің көршісі Гайана еліне қару кезеніп жатыр.

Солтүстік Кореяда басқарушы Еңбек партиясы Орталық комитетінің пленумы өткен екен. Сол жерде сөз сөйлеген Ким Чен Ын Солтүстік Корея армиясы мен әскери өнеркәсібі ықтимал соғысқа дайындық жұмыстарын жеделдетуі керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қарулы қақтығыс қаупі АҚШ пен оның одақтастары тарапынан қақтығыс әрекеттеріне байланысты артқан. Ким Чен Ын соғысқа дайындықты жақсартуды одан әрі жеделдету үшін Корей халық армиясы, әскери өнеркәсіп салалары, ядролық қару және азаматтық қорғанысқа жауынгерлік миссияларды белгіледі. Соғысқа дайындықты тездету туралы Солтүстік Корея басшысы бұған дейін тамыз айында да айтқан болатын.

Бұдан шығатын қорытынды – әлемдегі текетірес ушығып тұрған болуы мүмкін. Өйткені әлемнің түпкір-түпкірінде соғыс оты тұтанған. Жер-жерлерде бұрынғы ескі даулар қайта қозғалып жатыр. Мұндай ахуал екі лагерь болып тұрған ірі мемлекеттердің арасын да қозғап жіберері сөзсіз. Ким Чен Ынның меңзегені осы болар. Текетіресте Солтүстік Корея АҚШ-қа қарсы тұрған лагердің сапынан табылары сөзсіз. Ал АҚШ пен Батысқа қарсы елдер белгілі. Олардың ірі дегендері – Қытай, Ресей және Иран. Солтүстік Корея өзін әскери өнеркәсібі мен әлеуеті бір кісідей қауқарлы елдердің қатарына жатқызады. Мен-мендік танытатыны да содан. Әрі бұл ел ұзаққа шабатын ракеталарының көп екенімен де белгілі.

Ал соғысқа дайындығын арттырып жатқан тағы қандай елдер бар дегенге келсек, қазіргі заманда барлық елдер қорғанысын күшейтуге көшкен. Орталық Азия елдері де, соның ішінде Қазақстан да шама-шарықтары жеткенше қорғанысының қуатын арттыруда. Біздің еліміздің Қарулы Күштері негізінен Ресейдің қару-жарағымен және техникасымен жабдықталып келген болса, қазіргі уақытта Түркияның, Қытайдың қаруларымен жарақталған. 

Соғысқа дайындыққа кіріскен елдердің қатарында Балтық жағалауы мемлекеттері, Польша, Германия, жалпы, Еуропаның барлық елдері бар. Олардың бәрі шабуылды Ресей тарапынан күтіп алаңдайды. НАТО Польша жеріне 300 мың әскерін шоғырландырған. 

Жалпы, ыстық нүктелер бүгінде көбейген. Украинадағы соғыстың  тоқтайтын түрі көрінбейді, Таяу Шығыстағы Израиль мен Газа арасы да бір жақты болмай тұр. Тайвань мәселесі де ушығып кетуі мүмкін. Осының бәрінде үлкен ойыншылардың текетіресі бар. 

Осы күні тағы бір қауіпті аймақ пайда болды. Ол Оңтүстік Америкада. Венесуэла өзінің көршісі Гайана еліне қару кезеніп жатыр. Әзірге екі жақтың әрекеті кең көлемді соғыс сипатына енген жоқ. Дегенмен қақтығыстар бар. Венесуэла Гайананың Эссекибо деген аймағын тартып алғысы келеді. Бұл аймақта мұнай қоры өте көп деп жатыр. 

Венесуэла Эссекибоны біздің жеріміз деп таласады. Жерінің астында 11 миллиард баррель мұнай бар екен. Есеп бойынша 2028 жылы Гайана күн сайын 1,2 миллион баррель мұнайды өндіруі мүмкін. Егер осыншама мұнайды бір жерден өндірсе, Гайана мұнай өндіруде Бруней, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері елдерін басып озады деген болжам бар. Венесуэла мұндай байлықты өзі иемденгісі келгендіктен қарулы жасақтарын жіберіп, екі жақ атысып жатыр. 

Өзі кішкене ғана Гайананың 70 пайызын Эссекибо құрайды. Гайанада бар-жоғы 800 мың тұрғын бар. Бір кездері Гайана Ұлыбританияның отары болды. Сонда Эссекибо Париж арбитраждық сонының 1899 жылғы шешімімен Гайанаға бекітіп берілген көрінеді. Венесуэла 1811 жылы құрылған екен. Содан бері 200 жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін Эссекибоны тартып алуға әрекет етіп келеді.  Қазіргі қарулы қақтығыстың басты себебі – Гайана билігінің рұқсатымен халықаралық екі компания мұнай өндіруді қолға алған, ал Венесуэла бұл аймақты өзінің жері  деп есептейді.

200 жыл бұрын бұл жер Испания отарлаушыларының қарамағында болған екен. 1819 жылы Гайана қазіргі Венесуэла, Эквадор мен Панаманың аумағында құрылған сол кездегі Колумбия елінің құрамына кірген. 1831 жылы Колумбия ыдырап, аталған елдер тәуелсіздік алған соң, Ұлыбританияның Гвиана колониясы Гайананың қазіргі батыс аумағын өзіне қосып алған. Осыдан кейін 1899 жылы Венесуэла Париждегі халықаралық арбитражды сот арқылы Эссекибоны өзіне қосып алғысы келген. Алайда сот Ұлыбританияның пайдасына шешіп, Эссекибоны Гайананың құрамында қалдырған. 

1962 жылы Венесуэла Париж сотының шешіміне келіспейтінін айтып, тағы да Эссекибоның аумағын өз еліне қосуды талап еткен. 1966 жылы Гайана тәуелсіздік алып, Ұлыбританиямен және Венесуэламен шекараны бекітіп, Женева келісіміне қол қоюды ұсынды. Бұған Венесуэла келіспеді. Сөйтіп, арада уақытша бейбіт келісім ғана жасалған. Енді міне, жер дауы қайтадан бас көтерді. Қазіргі қарулы қақтығыстардың соңы соғысқа ұласып кетуі де мүмкін. Соғыс болса оған Бразилия да араласатын сияқты. Бразилия осы күні өзінің Венесуэламен және Гайанамен  шекараласатын жерлеріне әскер апарып қойды.  1983 жылы Венесуэла Эссекибоны қайтарыңдар деп тағы да дау шығарды. Бұл жолы мәселені Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде шешуді талап етті. Бірақ ол әрекеттен түк те шыққан жоқ. Ал енді Эссекибода мұнай өндірісі басталғасын Венесуэла ол маңға әскерін кіргізіп бағуда. 

2015 жылы америкалық ExxonMobil компаниясы Гайананың Эссекибо аумағының астында мұнайдың 11 миллиард баррель қоры жатқанын анықтаған екен. Бұл компания Гайана билігінің мұнайды өндіру лицензиясын алыпты. Одан бөлек, рұқсатты Қытайдың China National Offshore Oil Corporation, QatarEnergy және Францияның TotalEnergies деген компаниялары да алған.

Қарап отырсаңыз осы күнде әлемде жер дауы көп. Алысқа бармай-ақ көршіміз Ресейді алсақ, оның дауламаған жері кемде-кем. Қолынан келсе Украинаны, Шығыс Еуропаның бірнеше елінің жерлерін, Алясканы, Қазақстанның солтүстігін, әлемнің тағы басқа жерлерін өзіне қаратып алғысы келеді. Қытайдың да дәмесі зор: өзінен ажырап бара жатқан Тайваньды айтпағанда, Қытай Сібірдің біраз бөлігі біздің жеріміз деп жүр. Жапония да жер дауын қалай шешудің жолын таппай отыр. Жапония Ресейге өтіп кеткен Курил аралдарын қайтарып ала алмай жүр. Палестина өз жеріне қол жеткізе алар емес. Осы сияқты мысал көп. Біздің де талай жеріміз жат жұрттарға өтіп кеткен. 

Ал енді тарих қойнауында қалған жер дауын қозғамайтын елдер де көп. Өйткені адам баласы тарихтың өзгеріп тұратынын, өмір бірсыдырғы болмайтынын мойындаған. Ал осыған мойынсынғысы келмеген мен-меншіл елдер өзгенің жер-суын даулап шатақ шығарумен келеді. Мемлекеттердің екі лагерге бөлініп кетіп, мысық-тышқанша аңдысуының бір себебі де осы. Осыдан барын әлемнің түпкір-түпкірінде халықтар сыйыспай, шекісіп  қалады. Жер дауының салдарымен атысып-шабысып жатқан елдер қаншама. Оңтүстік Кореямен табан тіресе қарсылас күйдегі Солтүстік Кореяның соғысқа дайындықты күшейтуінің өзі талай нәрсені аңғартса керек. Екі лагерге бөлінген үлкен ойыншылардың арасы жақсы емес.

Атыраудағы 4 жасар баланың өлімі: Балабақша директоры мен тәрбиешінің бас бостандығы шектелді «Барлық бала ана үшін бірдей»: Гүлзира Айдарбекова еш жерде көрсетпеген отбасылық фотоларды жариялады 74 жастағы ақсақал қауіпті трюктер жасап, көпшілікті таңғалдырып жүр (ВИДЕО) «11 жасымда мешітке барып, намаз оқыдым»: Әнші Луина балалық шағынан сыр шертті Апелляциялық сот 3 жасар қызды мүгедек қылды деген Ақтөбе ауруханасын ақтап жіберді Танымал виолончелист Болат Тыныбеков мезгілсіз өмірден өтті Абай университеті Гонконг Қытай университетімен ынтымақтастықты нығайтуда «Маған тым қатал болды»: Жазира Байырбекова енесі өмір бойы әкімдікте еден жуғанын айтты Атыраудағы мал сою цехінде 18 жастағы өзбек жұмысшыдан қауіпті дерт анықталды Қорғаныс қамы: Төңіректің тынысы және Астананың жойғыш ұшақтар жаттығуы «Ата-анасы зорланғанын білсе де, көмектеспеген»: ағайынды ұл-қыздың зорлануына қатысты сұмдық жайттар белгілі болды «Қалыңдық party өткіздік»: Айгүл Иманбаева құрбыларының тосынсыйын көрсетті (ВИДЕО) Сары уайымға салынған салымшылар: ММ Group басшысы не дейді? Баян Алагөзова: «Кішкентайларды міндетті түрде қазақ мектебіне беремін» Қандастарымыздың басым бөлігі Қытай елінен оралған Олигарх Тимур Құлыбаев бас прокуратураны сотқа берді Трамп жынысын ауыстырғандарды әскер қатарынан қуып жатыр Кеше Ақтөбедегі әскери бөлімде қайтыс болған сарбаздың анасы үндеу жасады (ВИДЕО) «Қалаулымға» қатысып танымал болған қазақ файтері қырғыз қарсыласынан оңбай жеңілді (ВИДЕО) АҚШ-тан елге пошта арқылы есірткі жеткізіп отырған астаналықтар 18 жылға сотталды