Тіпті мұны мақтаныш етуге де болады. Алдымен ойға келетіні – Орталық Азия мемлекеттерінің ауызбірлігі. Әрине, бұған бастамашы болып отырған Қазақстан. Енді міне, Қазақстан Оңтүстік Кавказда тыныштық орнауына да мұрындық болуда. Еліміздің осындай ізгі қадамдарын көріп отырған әлем алдында абыройымыз да асқақ.
Таяуда Қазақстан Президенті Әзірбайжан мен Арменияға сапарлап қайтқан еді. Бұл сапар баянды болды деп айтуға толық негіз бар. Себебі қырық жылдан бері текетіресіп келген әзірбайжандар мен армяндардың татуласуына үлкен жол ашылған сыңайлы.
Былай қарасаңыз екі ел де өз жолын таңдаған, Ресейден мүмкіндігінше алыстап жатқан мемлекеттер. Әзірбайжан Түркиямен одақ құрып, Ресейге сыртымен қарап тұр. Ал Армения Еуропаға қарап ұлиды, Ресеймен қатынасын қолдан келгенше үзіп жатқан ел. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүшелігін де тоқтатты. Арменияның мұнысы өте батыл қадам. Енді Ресейдің Арменияда орналасқан әскери құрылымдары кетуге мәжбүр болады.
Міне, өз жолдарын таңдаған Әзірбайжан мен Арменияға бір-біріне кінә артып, араздасуға орын да қалмады. Таулы Қарабақ дауы тарихта қалайын деп тұр. Ал бұған Қазақстан қомақты үлес қосып келеді. Қазақстан президентінің Баку мен Ереванға сапары кезінде әңгімеге бейбітшілік мәселесі арқау болса керек. Себебі содан екі апта өтер-өтпесте Әзірбайжан мен Арменияның Сыртқы істер министрлері Алматыда келіссөздер жүргізді.
«Кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді», – деген еді Қазақстан Президенті.
Екі елдің Алматыдағы келіссөздері 10-шы және 11-ші мамырда жүргізілді. Таратылған ақпараттарға қарағанда, Әзірбайжан мен Арменияның шекаралары бекемделген сыңайлы. Әрине, Арменияның ішінде мұндай келісімге қарсы шығып жатқан күштер бар. Дегенмен Алматы келіссөздері ол жақтағы жер дауына нүкте қойып жатыр.
Екі ел делегацияларының келіссөздері Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің қатысуымен жүргізілді. Алматыға Әзірбайжанның Сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов пен Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян келген.
«Қазақстан бейтарап түрде ізгі қызмет көрсету миссиясын орындауға дайын. Әзербайжан мен Армения біз үшін жақын ел ғана емес, маңызды стратегиялық әріптес. Бізді сан ғасырлық достық, өзара түсіністік пен ортақ тарих біріктіреді», – дейді Қазақстан Сыртқы істер министрі.
Арарат Мирзоян, Армения Сыртқы істер министрі:
«Армения бейбітшілікке, бейбіт келісімге қол қоюға ұмтылады, біз келіссөз процесіне конструктивті түрде қатысып жатырмыз. Бұған қоса біз тек бейбіт келісімге қол қоюмен шектеліп қалмауымыз керек, мұнымен қоса біз аймақтағы барлық транспорттық инфрақұрылымды ашуымыз керек».
Келіссөздер екі ай бұрын Берлинде басталған екен. Нәтижесінде осы күнге дейін дау тудырып келген төрт елді мекен Әзірбайжанға қайтарылған. Ал Алматыдағы келіссөздер екі ел арасында тыныштық орнатылуын нығырлай түсті. Екі елдің делегациялары Қазақстанға алғыс айтты.
Жейхун Байрамов, Әзірбайжан Сыртқы істер министрі:
«Кейінгі кездесуден бері тараптар бейбіт келісімнің жобасы бойынша комментарий алмасты, бұған қоса келіссөз процесінің түрлі аспектілері бойынша тараптардың ұстанымын көрсететінін белгілі бір құжаттармен алмасты. Соңғы келіссөздерден кейінгі маңызды элемент – Әзербайжан мен Армения арасындағы мемлекеттік шекараның бір бөлігін делимитациялауға жол салған хаттамаға қол қойылды».
Әзербайжан мен Армения 1980 жылдан бері қақтығысып келді. Шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмеген. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта армяндар тұрып, өздерінің Әзірбайжаннан тәуелсіздігін жариялаған болатын. 2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал 2023 жылы толық бағындырды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен.
Шыны керек, Қазақстанның ұнамды мемлекет екені осындай бейбітшілік миссиясын орындауынан көрінеді.