Биылғы маусым айында Алматыда қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) 38-ші пленарлық отырысы өтті. Қазақстан үшін отырыстың негізгі тақырыптарының бірі ФАТФ стандарттарына сай келуін өзара бағалау рәсімін аяқтау болды.
ФАТФ (Financial Action Task Force on Money Laundering - FATF) – бұл ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) саласындағы әлемдік стандарттарды әзірлеумен айналысатын үкіметаралық ұйым, сондай-ақ ұлттық жүйелердің осы стандарттарға сай келуін бағалауды жүзеге асырады.
Бағалау рәсімінің нәтижелері Қазақстанда ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ФАТФ стандарттарына сай келетін тұрақты және тиімді мемлекеттік жүйесі қалыптасқанын айғақтайды. Атап айтқанда, ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастықтың айтарлықтай деңгейі үздік жағы ретінде танылды. Қылмыстық кірістерді жылыстатуға байланысты істерді тергеудің тиімділігі атап өтілді.
Бағалаудан өтудегі АХҚО-ның рөлі
АХҚО қатысушылары қаржы мониторингі субъектілері саналатын республика аумағындағы тәуелсіз юрисдикция ретінде Қазақстанның ЕАТ бағалауынан өтуіне айтарлықтай оң әсер етті.
2021-2022 жылдар ішінде ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің тікелей қатысуымен АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) АЖ/ТҚҚ режимін күшейтуге және ФАТФ Ұсынымдарының талаптарына техникалық сай келу деңгейін арттыруға бағытталған негізгі іс-шараларды іске асырды.
«AFSA АХҚО қатысушылары бизнесіне тән ерекшеліктерді ескере отырып, тәуекелдерді басқарудың классикалық тәсілі негізінде әзірленген қадағалау шараларында тәуекелге бағдарланған тәсіл моделін қолданады. Мұндай модель ФАТФ Ұсынымдарына сәйкес шараларды қолдану үшін ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті AFSA реттеуші кеңсесінің басқарушы директорының міндетін атқарушы, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес департаментінің директоры Валихан Гусманов.
AFSA АХҚО қатысушыларын реттеу мен қадағалау үшін әзірленген тәуекелге бағдарланған моделді қолдана отырып, АЖ/ТҚҚ саласындағы осал тұстарға үздіксіз талдау жүргізіп отырады. AFSA АЖ/ТҚ тиімді жүйесін құру аясында ҚР ҚМА-мен тұрақты ақпарат алмасу, өзара іс-қимыл жасаудың тиімді арнасы жолға қойылды.
Мәселен, AFSA:
1. Тіркеу және авторизациялау (лицензиялау) кезеңінде компаниялар мен олардың меншік иелеріне тексеру жүргізеді, ашық көздерді, халықаралық, сондай-ақ отандық деректер базасын және Қазақстан мен БҰҰ ҚК санкциялық тізімдерін пайдалана отырып, бенефициарлық иелену құрылымын зерделейді. Филиалдар мен еншілес ұйымдарды тіркеу кезінде шетелдік қадағалау органдарынан бас компанияның іскерлік беделі жөнінде сұрау жібереді.
2. Компаниялардың ішкі саясаты мен рәсімдеріне талдау жүргізеді, басшылық лауазымдағы қызметкерлердің кәсіби сәйкестігін тексереді, компанияның АЖ/ТҚК жүйесі туралы мамандармен сұхбат жүргізеді.
3. Компанияларға тиісті тәуекел рейтингтерін белгілейді және «Тәуекелдерді азайту бағдарламаларын» – лицензия алуға үміткер компанияға қойылатын талаптар және/немесе ұсыныстар тізімін береді. Осыдан кейін ғана АХҚО қатысушылары мәлімделген қызмет түріне тиісті лицензиялар алады.
4. Компаниялар қашықтан да, жоспарлы немесе жоспардан тыс офлайн тексерулер кезінде де тұрақты мониторинг жүргізетін AFSA кураторларының қадағалауына өтеді.
AFSA тұрақты есептілікті жинап, уәкілетті және басқа құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесе отырып, барлық қаржылық мониторинг субъектілеріне қатысты лицензиялаудан кейінгі бақылауды жүзеге асырады.
Бұдан бөлек, ФАТФ ұсынымдарының бірі шеңберінде АХҚО комитеті «Виртуалды активтермен операциялардың және виртуалды активтер саласындағы қызмет провайдерлерінің күдікті белгілерін/өлшемшарттарын» әзірлеп, енгізді. Виртуалды активтерді Қазақстан аумағында АХҚО қатысушылары ғана заңды түрде пайдаланатынын атап өткен жөн.
Валихан Гусмановтың айтуынша, АХҚО-ның АЖ/ТҚҚ саласындағы режимі қадағалау мен бақылаудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Ол тәуекелдерді бағалауға негізделген және алдын алу шараларын қолдануға, заңды тұлғалар мен құрылымдардың бенефициарлық меншігі туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін нығайтуға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді: «AFSA деректер мен транзакцияларды талдаудың озық блокчейн шешімдерін, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және басқа да қаржылық қылмыстарға қатысы бар жеке және заңды тұлғаларды есепке алу жөніндегі халықаралық дерекқорларды пайдаланады».
«Бүгінде ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптар АХҚО-ның 80-нен астам актісінде нақтыланып, көрініс тапты. 2022 жылдың жазында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы есебі жарияланды, онда АХҚО салық режимі салықтық ашықтықтың жаһандық стандарттарына сай келеді деп танылды. Бұл тану АХҚО-ның (демек, Қазақстанның) жаһандық ашықтық стандарттарына, оның ішінде салықтық стандарттарға сай екендігін көрсетудегі маңызды қадам болды», – деп атап өтті Валихан Гусманов.
Бағалау нәтижелерінің Қазақстанның әлемдегі позициясына әсері
ФАТФ әлемдік қаржы жүйесінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін елдердің «қара тізімдерін», сондай-ақ АЖ/ТҚҚ ұлттық жүйесі жеткіліксіз дамыған елдердің «сұр тізімдерін» жариялайды. Егер мемлекетке ФАТФ санкциялары қолданылса, онда оның беделіне нұқсан келіп қана қоймайды, сонымен қатар халықаралық транзакциялар кезінде проблемалар туындайды. Елдің инвестициялық тартымдылығы төмендейді. Бүгінде әлемнің 180-ге жуық елі ФАТФ әзірлеген КЖ/ТҚҚ саласында ұсынымдарды іске асыруда.
ФАТФ стандарттарын сақтау елдің қауіпсіздігін, тұрақтылығын және дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оны әлемдік қаржы қауымдастығына интеграциялау үшін маңызды қадам саналады.
Осы бағалаудан өту нәтижелері елдегі қаржылық тұрақтылыққа әсер етеді, өйткені олар қаржы жүйесін таза ұстайды әрі қаржы ресурстарын заңсыз мақсаттар үшін пайдаланумен байланысты тәуекелдерді азайтады. Сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін елдің тартымдылығын арттырады және Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі (БҰҰ, ЭЫДҰ, ХВҚ, Дүниежүзілік банк, Transparency International және т.б.) позициясына мультипликативтік әсер етеді. Бұл бағалау қазақстандық бизнеске трансшекаралық қаржы операцияларын оңайлатылған бақылаудан өтуіне мүмкіндік береді және тұтастай алғанда АХҚО-ның ғана емес, жалпы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.