Тұла бойы инабаттан жаралған қыз баланың жұдырықтасуы – қоғамның жанын ауыртқан көрініс
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің, соның ішінде қыздардың төбелескен видеолары жиілеп кетті. Әр осындай кадрды көрген сайын жанымыз түршігеді. Қазақ баласы бұрын қыздың төбелескенін естімек түгілі, елестете де алмайтын. Қыз бала әрдайым ұяң, ибалы, инабатты болуға тиіс еді. Ал бүгінгі бейнелердегі сотқарлық көріністер – ұлттық тәрбиенің әлсіреп бара жатқанын ашық көрсетеді.
Мәселе тек төбелесте емес. Бұл – қоғамның рухани ахуалының айнасы. Қыздар арасындағы әлімжеттілік – ұлт болып ойланатын үлкен қасірет.
Кешегі кеңестік дәуірдің өзінде қыздардың төбелеске қатысуы түгілі, ондай ой ешкімнің санасына келмейтін. Ал қазір «заман басқа» деген сылтаумен бәріне көз жұма қараймыз. Бірақ қазақы құндылық деген – ешқашан ескірмейтін нәрсе. Егер бүгінгі қыз баланың бойынан инабат пен ұят жоғала бастаса, онда бұл – отбасы тәрбиесінің әлсірегенінің айғағы.
Қазір әйелдердің арасында да қатқыл мінез, дөрекі сөз көбейді. Мұндай мінез келесі буынға – қыздарға әсер етпей қоймайды. «Қызды қыз ұрып жатыр» дегенді естігенде, жүрек шымырлайды.
Мәселен, жуырда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жас қыздардың төбелескен видеосы тарады. Бұл 18 қазанда болған оқиға. Бұған дейін дәл осындай жағдай Бейнеу ауылында да қайғылы аяқталған еді – жаппай төбелестен 17 жастағы жасөспірім көз жұмды.
Астанадағы жасөспірімдер арасындағы тағы бір видеода баланың жерде жатқан құрбысын аяусыз тепкені анық көрінеді. Оқиғаға куә болғандар ара түспей, қарап тұрған. Автордың айқайынан кейін ғана тарап кеткен. Кейін белгілі болғандай, бұл жанжал бір жігіттің қызды қорғауынан басталған.
Ақтөбеде төбелес салдарынан оқушының көзі зақымданып, көру қабілетінен айырылды. Таразда қоңырау кезінде болған төбелестен 9-сынып оқушысы көз жұмды. Ал Жамбыл облысындағы Көкқайнар ауылында футбол ойынындағы ұсақ жанжал соққыға ұласып, 10-сынып оқушысының өмірін жалмады.
Петропавлда да оқушы қызды қатарластары қорқытып, ұрып, ақша бопсалаған видео тарады. Бір қыздың айтқан сөзі жаға ұстатады: «Мұның бәрі сендердің мефедрондарыңның кесірі». Ал 70 мың теңге алып келмегені үшін жәбірленуші тағы да соққы көрген.
Мұның бәрі кездейсоқ оқиға емес. Қазіргі қоғамда балалардың бос уақыты мен ортасы бақылаусыз қалды. Ата-аналар жұмыста, мұғалімдер мектептен тыс уақытта не болып жатқанын білмейді. Осындайда бала өзінше «бедел жинауға» тырысады. Енді міне, қыздар да күш көрсетуді «ерлік» деп түсіне бастаған. Бірақ ертең бұл қыздар ана атанады, шаңырақ көтереді. Сонда ұрпағына не үйретеді?
Психологтар мұндай әрекеттердің себебін жасөспірімдердің өзіне назар аударту ниетінен, күштілігін дәлелдеуге тырысуынан көреді. Ал қыздардың төбелесі – көбіне қызғаныштан, намысқа тиетін сөзден немесе жігітке байланысты дау-дамайдан басталады. Бірақ ешбір себеп мұндай қылықты ақтай алмайды.
Қыз баланың бойынан нәзіктік пен сабыр кетсе – қоғамның іргесі сөгілгені. Төбелес, күш көрсету – қызға жараспайтын іс. Жігіттер де мұндай қыздарды сыйлай бермейтіні анық.
Ұл болсын, қыз болсын, бәрі есте сақтасын: төбелестің соңы – жауапкершілік. Заң алдында ата-анасы да, өзі де жауап береді.
Тәртіп пен тәрбиенің орнын TikTok пен тренд алмастырмасын десек – әр ата-ана, әр ұстаз, әрбіріміз бүгіннен бастап әрекет етуіміз керек.
Авторы Серік Алдан