3621

Алматы әуежайындағы «сәтсіз қалжың» үшін мұғалім жұмыстан қуылған

Мұғалім ұят ісі үшін жұмыстан шығарылған еді.

Алматы әуежайындағы «сәтсіз қалжың» үшін мұғалім жұмыстан қуылған
freepik.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістандық педагогты «ұят іс-әрекет жасады» деп жұмыстан шығарған мектеп шешімін өзгертуге мәжбүр болды.

Түркістан облысының мұғалімі Алматы әуежайында қауіпсіздік тексерісі кезінде айтқан сәтсіз қалжыңынан кейін «аморальдық әрекет» жасады деп жұмыстан қуылған. Педагог бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Нәтижесінде мектеп еңбек кітапшасындағы жазбаны өзгертуге міндеттелді.

Ресми мәліметке сүйенсек, әуежай қызметкерлері оның сөзін қауіп төндіру ретінде қабылдап, мұғалімге терроризм туралы жалған хабар таратты деген айып таққан. Әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін құқық қорғау органдары құрамның жоқтығынан істі жапты.

Соған қарамастан, мектеп әкімшілігі қылмыстық іс толық тоқтатылмай жатып-ақ оны жұмыстан босатып үлгерген. Педагог мұны заңсыз шешім деп тауып, еңбек құқығын қорғауға кіріскен. Ол жазбаны «тараптардың келісімімен» дегенге ауыстыруды және моральдық өтемақы төлеуді талап етті.

Сотта тараптар бітімге келді. Мектеп «аморальдық іс-әрекет» жайлы жазбаны еңбек кітапшасынан, бұйрықтардан және enbek.kz платформасынан алып тастауға келісті. Бұдан кейін тараптар бір-біріне талап қоймауға уағдаласты. Сот келісімді бекітті, шешім күшіне енді.

Осыған ұқсас даулар жиілеп келеді: соңғы айларда бірнеше өңірде мұғалімдер жұмыстан заңсыз босатылғанын дәлелдеп, қызметтеріне қайта оралды.

Материал авторы