SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада діни материалдарды заңсыз таратқаны үшін Дарын Мубаров қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық Дін істері басқармасы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, ол бұған дейін де дәл осындай заңбұзушылық үшін 2025 жылдың қазан айында жауапқа тартылған. Соған қарамастан, бір жыл өтпей жатып, заң талаптарын тағы да бұзған.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 8-бөлігіне сәйкес хаттама толтырған.
Сот шешімімен Дарын Мубаров қайталанған құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі есеппен бұл — 865 мың теңге.
Қалалық Дін істері басқармасы азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, діни мазмұндағы материалдарды таратуда белгіленген тәртіпті бұзуға жол берілмейтінін ескертті.
RUS