352

Бүркіт сарбазға шабуыл жасады: қырғыз әскери қызметшісінің әрекеті көпшілікті тәнті етті

Шабуылдан кейін қатардағы жауынгерге төсбелгі табысталды.

Бүркіт сарбазға шабуыл жасады: қырғыз әскери қызметшісінің әрекеті көпшілікті тәнті етті
instagram/bishkek.online

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде күтпеген жағдай болды. Жарыс өтіп жатқан аумақта тәртіп сақтап тұрған сарбазға бүркіт шабуыл жасап, оның жарық шағылыстыратын кеудешесін жұлып алған.

Оқиға сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тараған. Кадрларда жыртқыш құстың жас әскери қызметшіге тұяғымен жармасып, оны жібермей тұрғаны көрінеді.

Бүркіт кейін сарбаздың кеудешесін жұлып алған. Алайда әскери қызметші үрейге бой алдырмай, құсты жарақаттап алмауға тырысып, жағдайды сабырмен бақылауға алған.

Әлеуметтік желі қолданушылары қырғыз сарбазының сабырлы әрекетін жоғары бағалады.

Көпшілік оның дүрбелеңге салынбай, құсқа зиян келтірмей әрекет еткенін атап өтті.

«Жігіт жарады. Абдырап қалған жоқ, құсқа зиян тигізбеді, жағдайға сай дұрыс әрекет етті», – деп жазды желі қолданушылары.

Тағы бір қолданушы сарбаздың жылдам шешім қабылдағанын атап өткен.

2026 жылғы 5 қыркүйекте қырғыз әскери қызметшісі Ерсултан Ибраимовтың марапатталғаны белгілі болды.

Қырғызстан Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің қолбасшысы полковник Дамир Алыбаев оған «Мыкты Жоокер» төсбелгісін табыстаған.

«Сарбаздың бұл әрекеті оның қызметтік міндетіне жауапкершілікпен қарайтынын, ерік-жігерін және түрлі жағдайларда батыл шешім қабылдай алатынын тағы бір рет көрсетті», – деп хабарлады Қырғызстан ІІМ Ішкі әскерлерінің баспасөз қызметі.

Ведомство басшысы әскери қызметшінің қызмет барысында көрсеткен батылдығы мен ептілігін атап өтті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор