194

Алматы облысында аулада көлік екі баланы қағып кетті

Бесағаш ауылындағы тұрғын үй кешенінің ауласында болған жол апатынан екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Алматы облысында аулада көлік екі баланы қағып кетті
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында көпқабатты үйдің ауласында көлік екі баланы қағып, олар жарақат алды. Оқиға Талғар ауданындағы Бесағаш ауылында болған.

Жол-көлік оқиғасы 4 қыркүйек күні сағат 18:20 шамасында «Нұрия» тұрғын үй кешенінің аумағында тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, Chevrolet Cobalt көлігі екі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, көлік шамамен сағатына 40 шақырым жылдамдықпен қозғалған болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмаған.

Оқиға орнындағы тұрғындардың сөзінше, зардап шеккен балалардың бірі, қыз бала, соққыдан кейін біраз уақыт ес-түссіз жатқан.

Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Полиция қызметкерлері екі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен Chevrolet Cobalt көлігінің 25 жастағы жүргізушісін жауапкершілікке тартты. Жол апаты 4 қыркүйек күні сағат 18:20 шамасында Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы “Нұрия” тұрғын үй кешенінде болған. Салдарынан балалар түрлі дене жарақатын алып, қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция жүргізушілерге, әсіресе тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда көлік басқарған кезде, жол ережесін қатаң сақтауға шақырды. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор