402

Қазақстанда жаңа кен орындарын іздеу үшін 200 ұңғыма бұрғыланады

Қазақстанның аз зерттелген аймақтарында жаңа кен орындары ізделеді.

Қазақстанда жаңа кен орындарын іздеу үшін 200 ұңғыма бұрғыланады
Gilles Sabrie / The New York Times

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жаңа кен орындарын анықтау және елдің ресурстық базасын толықтыру үшін бұрғылау жұмыстары кеңейтіледі. 2026 жылы барлау-бағалау мақсатында шамамен 80 ұңғыма, ал 2027–2028 жылдары жыл сайын 120 ұңғымаға дейін бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігі жазды.

Атырауда өткен KAZDRILLING конференциясында геологиялық барлау және бағалау жұмыстарының перспективалары, бұрғылау қызметтері нарығының дайындығы және отандық саланы одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, бұрғылау көлемін арттырудың негізгі мақсаты – жаңа кен орындарын ашып, еліміздің ресурс қорын толықтыру.

Әсіресе мұнай-газ әлеуеті жоғары, бірақ әлі жеткілікті зерттелмеген шөгінді бассейндерге басымдық берілмек. Мұндай учаскелерді ұсыну тәртібі де жеңілдетілген. Өтінім түскеннен кейін министрлік 10 жұмыс күні ішінде аукцион өткізеді.

Жұмыс бағдарламасына сәйкес, учаскенің алғашқы үш жылында оның кемінде 30 пайыз аумағында сейсмикалық барлау жүргізілуі тиіс. Одан кейін барлау ұңғымаларын бұрғылау басталады.

Жоба аясында отандық өндірісті дамытуға да көңіл бөлінбек. Қазақстанда бұрғылау саласына қажетті өндірістік мүмкіндіктер бар. Мәселен, Атыраудағы «Жігермұнайсервис» зауыты бұрғылау қашауларын, калибраторлар мен басқа да жабдықтарды шығарады.

«Біздің міндетіміз – бұрғылау қызметтері үшін тұрақты әрі бәсекеге қабілетті нарық қалыптастыру. Нәтижесінде жаңа геологиялық ашылымдар жасалып, қор толықтырылуы, отандық өндіріс дамуы, білікті жұмыс орындары құрылуы және салық түсімдері артуы керек», – деді Ерлан Ақбаров.

Материал авторы