Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика: шынайы ақпарат пен жауапты сөздің маңызы талқыланды
Журналистер мен медиаменеджерлер жаңа технологиялардың контент өндіруге, деректерді талдауға және материалдарды түрлі платформаға бейімдеуге беретін мүмкіндіктерін талқылады.
2026 жылғы 24 қазанда Астанада «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа: шынайы ақпарат, жауапты сөз» тақырыбында республикалық медиафорум өтті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған іс-шараға «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры қолдау көрсетті.
Форумға бас редакторлар, журналистер, медиаменеджерлер, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер мен білім саласының өкілдері қатысты. Қатысушылар жасанды интеллектінің ұлттық медиаға ықпалын, редакциялардың технологиялық жаңаруын, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етуді және отандық медианың экономикалық тұрақтылығын талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің кеңінен таралуы барлық мамандыққа, соның ішінде журналистикаға да жаңа талаптар қоятынын атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, технологиялық мүмкіндіктерді кәсіби жауапкершілікпен ұштастыру форумның негізгі тақырыптарының біріне айналды.

Ақпараттың шынайылығы — басты талап
Форумды ашқан Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай цифрлық өзгерістер жағдайында журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсетінін айтты.
Оның сөзінше, мәтіннің сауатты жазылуы ақпараттың шынайылығына кепіл болмайды. Сол сияқты сенімді естілетін дауыс пен нанымды көрінетін бейне де мұқият тексеруді қажет етеді. Сондықтан редакциялық шешімдердің негізінде дерекке жауапкершілікпен қарау, адамды құрметтеу және қоғам алдындағы міндетті сезіну тұруға тиіс.
Бибігүл Жексенбай форумда айтылған ұсыныстардың нақты әріптестікке ұласуы маңызды екенін де атап өтті.
Жасанды интеллект редакция жұмысына қандай мүмкіндік береді?
«Жасанды интеллект және редакция: жаңа мүмкіндіктер, кәсіби жауапкершілік» тақырыбындағы панельдік сессияда қатысушылар ЖИ құралдарын күнделікті жұмысқа енгізу тәжірибесімен бөлісті. Талқылауда контент пен анимация әзірлеу, ақпараттың дұрыстығын тексеру, материалдарды түрлі платформаға бейімдеу және авторлық құқықты сақтау мәселелері қарастырылды.
Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин жаңа технологияларды редакциялық жұмысқа енгізгенде адам бақылауын сақтау, авторлық еңбекті құрметтеу, жеке деректерді қорғау және аудиторияға ашық болу қажеттігін айтты.

Ол ЖИ құралдарын жауапкершілікпен қолдануға қатысты кәсіби ұсынымдарды талқылауды, мамандардың біліктілігін арттыруды, қазақ тіліндегі сапалы контентті дамытуды және медиасауаттылықты қолдауды ұсынды.
Бас редакторлар клубының мүшесі, республикалық «Человек и закон» газетінің бас редакторы Марат Башимов жасанды интеллект дәуірінде адам құқықтарын қорғау мен технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саладағы қоғамдық қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеу — уақыт талабы. Ол Еуропалық Одақтың осы бағытта нақты қадамдар жасап жатқанын айтып, жасанды интеллектіні құқықтық реттеу мәселесінің Қазақстан Конституциясы мен қолданыстағы заңнама тұрғысынан да өзекті екенін атап өтті.

Медиаменеджер Зарина Қуатова өңірлік телевизияда жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, «TARAZ24» және «KORDAY24» телеарналарында 2023 жылдан бері ЖИ-диктор пайдаланылып келеді. Қазір жасанды интеллектінің көмегімен актерлерді қатыстырмай және арнайы түсірілім ұйымдастырмай-ақ бейнероликтер әзірлеуге болады.
Бұрын мұндай өнімдерді дайындау үшін қомақты бюджет қажет болса, қазір тың идея мен технологияны меңгеру маңызды рөл атқарады. Зарина Қуатова ЖИ мұрағат материалдарын жаңа форматта ұсынуға, күрделі деректерді түсінікті жеткізуге және контентті әртүрлі аудиторияның сұранысына бейімдеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Кәсіби медиатренер Айна Задабек жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде фактчекингтің маңызы арта түскеніне назар аударды. Оның сөзінше, ЖИ күнделікті жұмысты жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Алайда үнемделген уақытты ақпараттың дәлдігін тексеруге жұмсау қажет.
Медиатренер уақыт пен еңбек арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызын мысалмен түсіндірді: егер мәтін әзірлеу жұмысының 80 пайызы жасанды интеллект көмегімен орындалып, уақыттың 80 пайызы үнемделсе, сол үнемнің жартысынан астамын алынған деректерді тексеруге бағыттау керек.
Ол фактчекингке үстірт қарамай, ЖИ-дің жалған ақпарат ұсынуы мен қателесу себептерін тереңірек зерттеу қажеттігін де айтты.

Белгілі медиаменеджер Кемелбек Ойшыбаев жасанды интеллектіні жауапты қолдану, оның медиаға беретін мүмкіндіктері және табыс көздерін дамыту мәселелерін көтерді. Ол технологиялық өзгерістер жағдайында отандық медианың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, жарнама нарығындағы бәсекеге бейімделу және кіріс көздерін әртараптандыру қажеттігін атап өтті.

Jibek Joly / Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Нағашыбек Алдан жасанды интеллект журналистердің жұмысын жеңілдетіп, контент өндіруді жеделдетуге және жаңа форматтарды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Дегенмен, оның пікірінше, технологияның дамуына қарамастан, ақпараттың шынайылығы, редакциялық жауапкершілік пен аудитория сенімі басты орында қалуы керек. Сондықтан ЖИ-ді жай ғана пайдаланып қоймай, оны ұлттық медианың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын құралға айналдыру маңызды.
Qrnews ақпараттық порталының директоры Сапарғали Қанат «Портал қызметіндегі жасанды интеллект: қолдану мүмкіндіктері мен тиімділік перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол ақпараттық порталдарда ЖИ-ді ақпарат жинау мен сұрыптауға, жаңалықтарды редакциялауға, аударма жасауға, мәтінді қысқартуға, аудионы мәтінге айналдыруға және аудиторияның қызығушылығын талдауға пайдалануға болатынын түсіндірді.

Сондай-ақ Qrnews тәжірибесі негізінде жаңалықтарды әлеуметтік желілерге бейімдеу, бір материалдан бірнеше форматтағы контент әзірлеу, қысқа видеоларға мәтін дайындау және жарияланымдардың тиімділігін бағалау тәсілдері таныстырылды.
Сапарғали Қанаттың айтуынша, жасанды интеллект редакция жұмысын оңтайландырып, журналистердің уақытын үнемдеуге және материалдарды түрлі форматта жедел ұсынуға көмектеседі. Алайда жалған ақпараттың таралуы, деректер қауіпсіздігі және қате аударма сияқты тәуекелдерге байланысты ЖИ әзірлеген материалдарды тексеру мен редакциялық бақылау міндеті сақталады. Баяндамада жасанды интеллект журналисті алмастыратын құрал емес, оның жұмысын жеңілдетіп, ақпаратты тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін көмекші технология екені айтылды.
Талқылау барысында ЖИ ақпарат жинау, өңдеу, мәтінді бейімдеу және тарату жұмыстарын жеңілдететіні атап өтілді. Бұл журналистерге оқиға орнынан хабар таратуға, эксклюзивті сұхбаттар мен зерттеу материалдарын әзірлеуге, сондай-ақ деректерді талдау мен тексеруге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Қатысушылар жарнама қаражатының жаһандық цифрлық платформаларға бағытталуы ұлттық редакциялардың кірісі мен технологиялық дамуына әсер ететінін де сөз етті. Осыған байланысты отандық медианың цифрлық құзыреттерін күшейтіп, сапалы журналистиканың тұрақты қаржылық негізін қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Медиа мен білім саласындағы әріптестік
«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте ұйымның қызметі мен білім беру жобаларын таныстырды. Ол «Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының нәтижелеріне тоқталды. Жоба аясында 620 мектеп қамтылып, 7 073 мұғалім оқытылған, 484 жаңа оқу кабинеті ашылған.

Форум қатысушылары қордың заманауи білім беру инфрақұрылымымен, соның ішінде Spectrum халықаралық мектебімен танысты.
Басқосуда медиа мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын дамытуға және жастардың ақпаратты саналы қабылдау дағдыларын қалыптастыруға басымдық берілді. Қатысушылар дерек пен пікірді ажырату, ақпарат көзін тексеру және күмәнді хабарды таратпас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізу медиасауаттылықтың негізгі құрамдастары екенін атап өтті.
Бас редакторлар клубының басқару құрамында өзгерістер болды
Форум аясында Бас редакторлар клубының басқару құрамындағы өзгерістер жарияланды. Қуат Әуесбай, Айна Задабек және Сапарғали Қанат клубтың вице-президенттері, ал Мақпал Адамбаева атқарушы директоры болып тағайындалды.

Іс-шара қорытындысында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ұйым арасындағы әріптестікті нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және медиа мен білім беру салаларының байланысын дамытуға бағытталған.
Журналистика ардагерлері мен үздік мамандар марапатталды
Медиафорум аясында Қазақстанның әр өңірінен келген медиаменеджерлер, бас редакторлар, журналистер, медиатренерлер, баспасөз қызметінің мамандары мен медиа ұйымдары Бас редакторлар клубының марапаттарына ие болды.

Аға буын өкілдерінің еңбегін ұлықтауға ерекше мән берілді. Клубтың ең жоғары наградасы — «Ақпарат ардагері» медалі отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан белгілі ардагер журналист әрі публицист Жанболат Аупбаевқа табысталды.
Сондай-ақ дәстүрлі және цифрлық медиада еңбек етіп жүрген мамандарға бірнеше номинация бойынша марапаттар берілді. Олардың қатарында «Қазақстанның үздік медиаменеджері», «Қазақстанның үздік бас редакторы», «Қазақстанның үздік журналисі», «Қазақстанның үздік медиатренері», «Қазақстанның үздік медиамекемесі», «Баспасөз қызметінің үздігі», «Зерделі зерттеуші» және «Үкілі үміт» номинациялары бар.
Республикалық медиафорум кәсіби тәжірибе алмасуға, медиа мен білім саласындағы әріптестікті кеңейтуге және ұлттық журналистиканың болашағына қатысты ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар форумның өтуіне қаржылай қолдау көрсеткен клуб мүшелері Бақыт Шойымбекке, Есберген Алаухановқа және Зарина Қуатоваға алғыс білдірді.