562

«Бойкот жариялау керек»: Нұрлан Сабуровтың Алматыдағы концерті қоғамда дау туғызды

Көрермендер арасында 15 мың теңгеден басталатын билет құны да талқыланып, сынақ концерті үшін мұндай баға қымбат деген пікірлер айтылды.

«Бойкот жариялау керек»: Нұрлан Сабуровтың Алматыдағы концерті қоғамда дау туғызды
nurlansaburov-concert.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, стендап-комик Нұрлан Сабуровтың Алматыда өтетін концерті туралы хабарға екі түрлі көзқарас білдірді. Бірі билетті сатып алуға тырысып, шара туралы кеш естігеніне өкінсе, енді бірі әртістің бұрынғы даулы әрекеттерін еске алып, оның өнер көрсетуіне қарсылық танытты. Бұл туралы NewTimes.kz ақпарат агенттігі жазды.

5 қарашада Punch Stand Up Club Instagram парақшасында Нұрлан Сабуровтың жаңа әзілдерін сынақтан өткізетін концерті туралы хабарландыру жариялады. Өнер көрсету сол күні сағат 22:00-ге жоспарланған. Кеш Қайырбеков көшесі, 35А мекенжайындағы клубта өтуі тиіс болған. Билет құны 15 мың теңгеден басталған. Ұйымдастырушылар көрермендерге фото және видео түсіруге қатаң тыйым салынатынын да ескерткен.

Клубтың түсіндіруінше, бұл кеште комик әлі толық дайын болмаған жаңа материалдарын ұсынбақ. Кейбір әзілдері кейін үлкен жеке концерттеріне енуі мүмкін, ал енді бірін тек осы кеште ғана орындауы ықтимал.

Ұйымдастырушылар мұндай форматты комедияның қалай жасалатынын ішінен көруге мүмкіндік беретін кездесу ретінде сипаттаған. Кеш барысында жаңа тақырыптар, тың байқаулар, импровизация және көрермендермен тікелей байланыс болатыны айтылған.

Концерт туралы ақпарат билет сататын платформаларда да жарияланған. Мәселен, Kino.kz сайтында шара 5 қарашаға белгіленіп, билеттер 15 мың теңгеден басталған.

Желі қолданушылары екіге бөлінді

Концерттің хабарландыруы жарияланған соң пікірлер қақ жарылды. Бірқатар қолданушы Сабуровтың Қазақстанда өнер көрсетуіне қарсылық білдіріп, оның Ресей әскери бөлімшесіне қатысты даулы оқиғасын еске салды.

«Сабуров біздің елде қол алысып амандасуға да лайық болмауы керек. Оның концертін ұйымдастыратындар да ұятқа қалды», – деп жазған пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы комиктің өнерін бойкоттауға шақырған. Кейбірі қысқа әрі өткір пікірлер қалдырып, оның концертіне кімнің баратынына таңданыс білдірген.

Билет бағасы да талқылаудан тыс қалмады. Кейбір көрермен 15 мың теңгені әзірге дайын емес әзілдер ұсынылатын сынақ концерті үшін қымбат деп есептеген. Дегенмен комикті қолдағандар да бар. Бірі оны аңызға балап, енді бірі билет сатып алудың жолын іздеген.

«Билеттер бітіп қалды ма? Сайттан таба алмадым», – деп жазған қолданушылардың бірі.

Тағы бір көрермен концерт туралы кеш білгеніне өкініш білдірген.

Сонымен қатар пікірлер арасында шараның шынымен өткен-өтпегеніне қатысты сауалдар да пайда болды. Бір қолданушы концерт мүлде болмағанын, хабарландыру әзіл ретінде жарияланғанын айтқан. Алайда материалда бұл мәлімдемені растайтын дерек келтірілмеген.

Сабуровқа қатысты сынның себебі неде?

Комикке айтылатын негізгі сындардың бірі Ресейдегі «Легион Вагнер Истра» бөлімшесіне мотоциклдер берілгені туралы оқиғамен байланысты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Сабуровтың он мотоциклді әскери бөлімшеге табыстағаны және сарбаздарға аман-есен оралуын тілегені түсірілген видео тараған. Өнер иесі бұл әрекетін игі іс деп атап, техниканың көмек пен азық-түлік жеткізуге арналғанын түсіндірген.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Сабуров Қазақстанға оралғаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның әрекетінде қылмыстық заңнаманы, соның ішінде Қылмыстық кодекстің 170-бабын («Жалдамалылық») бұзу белгілері бар-жоғын тексерген.

Алайда 2026 жылғы маусымда ҰҚК NewTimes.kz редакциясына тексеру шаралары аяқталғанын хабарлаған.

«Тексеру шараларының нәтижесінде құқық бұзушылық белгілері анықталған жоқ», – деп мәлімдеген ведомство.

Соған қарамастан, комиктің өнер көрсетуіне қатысты қоғамдық пікірталас әлі де жалғасып келеді.

Сабуровтың атына сын айтылған тағы бір оқиға 2022 жылы АҚШ-тағы гастрольдік сапары кезінде болған. Сол кезде украиналық суретші оның концертіне ақ түсті, қызыл дақтары бар көйлекпен келген. Бұл киім Украинада қаза тапқан адамдардың қанын бейнелеген. Бұған жауап ретінде комик «Бұл етеккір ме?» деген сөз айтқан. Оның бұл реакциясы да сынға ұшыраған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор