«Кемеңгер адам керек болды»: Олжас Абай Дариға Бадықоваға қалай ғашық болғанын айтып берді
Өнер иесі өмірлік серігінен ой-өрісі кең, мінезі мықты әрі қызықты адам болуын қалаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал актер Олжас Абай актриса Дариға Бадықованың өзіне ерекше әсер еткен қасиеттерін айтып, сүйіктісінің жанында өзін қалай ұстауға тырысатынын бөлісті. Өнер иесі Дариғаның мықты мінезі мен ішкі түйсігі оны үнемі дамуға жетелейтінін жеткізді.
Актер журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында Дариға Бадықованың болмысы туралы әңгімеледі. Ол сүйіктісінің барлық қасиетін ашып айтқысы келмейтінін, дегенмен оның ішкі түйсігі мен жан-жақты қалыптасқан тұлғасына ерекше құрметпен қарайтынын жасырмады.
«Бәрін жайып салғым келмейді. Оны өзім білемін, өзім көремін. Дариғаның ішкі түйсігі өте мықты. Ол – жан-жақты қалыптасқан, өз алдына бүтін тұлға. Оның жанында осал болуға, абдырап қалуға, аңдамай әрекет етуге хақың жоқ. Маған да керегі осы еді», – деді Олжас Абай.
Актердің сөзінше, Дариға ешкімге ақыл айтып, ақылгөйлік танытпайды. Алайда оның мінезі мен өмірге деген көзқарасы жанындағы адамдарды өзіне талап қоюға мәжбүр етеді. Әр сөзін ойланып айтып, әр әрекетіне жауапкершілікпен қарауға итермелейді.
«Дариғаның жанында еңсеңді түсіруге хақың жоқ. Автоматты түрде мықты болуға тырысасың. Аңдамай сөйлемейсің, әр сөзіңді ойланып айтасың. Ол саған ақыл айтып, кеңес беріп отырмайды. Сен өзің сондай болып қаласың», – деп түсіндірді актер.
Олжас Абай өмірлік серігін таңдағанда мінезі берік, ой-өрісі кең әрі қызықты адамды іздегенін де айтты. Оның пікірінше, Дариғамен қарым-қатынас адамды өздігінен шыңдай түседі.
«Маған өмірде мықты адам керек еді. Кемеңгер, қызықты адам керек болды. Онымен шапылдасып ұрыса да алмайсың. Өйткені ол ұрыспайды. Оның толқынына түссең, өзің де сол ырғаққа ілесесің. Оған төтеп беремін деп жүріп, өзің шыңдала түсесің. Қызығы да осында», – деді ол.
Сондай-ақ актер әйел адамның тартымдылығын тек сыртқы сұлулығы немесе дене бітімімен өлшеуге болмайтынын атап өтті. Дариғаның бойындағы әйелге тән қасиеттердің тұтас болмысын бағалайтынын жеткізді.
Еске салайық, биыл 9 қазанда Олжас Абай Дариға Бадықоваға сырға салған еді. Ал 12 қазанда жұлдызды жұп Алматыда үйлену тойын өткізді.
Материал авторы