3 млрд теңге және 27 жоба: Алматыдағы үлкен өзгерістің артында кім тұр?
Алматының Бостандық ауданында кәсіпкерлердің қолдауымен бос жатқан жерлер аллеяға, балалар алаңдары мен демалыс орындарына айналып жатыр. Әкімдік пен бизнес бірлесіп, жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық 27 жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды Smart News.
Бұрын қоқыс жиналып, қараусыз қалған аумақтардың орнында бүгінде субұрқақтар, спорт алаңдары мен жаяу жүргіншілер жолдары пайда болуда. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер де қаржы бөліп жатыр.
Қоқыс жатқан жер қалай аллеяға айналды?
Осындай жобалардың бірі — Алмагүл шағын ауданындағы Shuaq аллеясы. Бұрын бос жатқан 0,8 гектар аумақ бүгінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған.
Мұнда балалар және спорт алаңдары, әткеншектер, субұрқақ пен жарықтандыру жүйесі орнатылған. Шамамен 4 мың шаршы метр жер көгалдандырылып, 12 мыңнан астам бұта мен ірі ағаштар отырғызылған.

Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтің айтуынша, тұрғындар бұл аумақты абаттандыру мәселесін бірнеше рет көтерген. Алайда жоба өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына енбей қалған. Кейін оны жүзеге асыруға кәсіпкерлер тартылған.
«Бұрын бұл жерде бос жатқан аумақ болатын. Тұрғындар оның қашан абаттандырылатынын үнемі сұрайтын. Сондықтан жобаны демеушілердің қолдауымен жүзеге асыруды жөн көрдік», — деді аудан әкімі.
Әкімдік алдағы уақытта аллеяны Серкебаев көшесінен Радостовцев көшесіне дейін жалғастырып, Розыбакиев көшесіне шығаруды жоспарлап отыр. Мақсат — Алматыдағы Панфилов көшесіне ұқсас жаяу жүргіншілер кеңістігін қалыптастыру.

Мүгедектігі бар балаларға да жағдай жасалды
Серкебаев көшесіндегі «Шапағат» орталығының жанында 450 шаршы метрлік инклюзивті балалар алаңы ашылды.
Мұнда мүгедектер арбасын пайдаланатын балалардың еркін қозғалуына мүмкіндік беретін арнайы өткелдер мен шағын көпірлер қарастырылған.
Бұдан бөлек, Байқадамов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, Абай даңғылы мен 20-шы желі көшесінің қиылысында жаңа сквер абаттандырылды.
Назарбаев даңғылындағы №229 және №235 үйлердің арасындағы аллея да жаңарып, үш аулада балалар және спорт алаңдары пайда болды.

3 млрд теңге қайда жұмсалады?
Аудан әкімінің мәліметінше, бүгінде Бостандық ауданында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жалпы құны шамамен 3 млрд теңге болатын 27 жоба қолға алынған.
Бұл қаражат қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, көгалдандыруға, балалар және спорт алаңдарын салуға, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

«Біз тұрғындардың қажеттіліктерін, бизнестің мүмкіндіктерін және әкімдіктің ұйымдастыру жұмыстарын біріктіруге тырысамыз», — деді Азамат Қалдыбеков.
Сондай-ақ 2026 жылы кәсіпкерлердің қолдауымен Әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында аумағы 6 гектарға жуық Flow Park спорт саябағы ашылған.
Осылайша, Алматыда қаланы абаттандыруға тек бюджет қаражатын жұмсамай, кәсіпкерлерді де тарту тәжірибесі кеңейіп келеді.
