Жамбыл облысында үстіне шатыр құлап, мүгедек болып қалған әйел сотта жеңіске жетті
Сот ғимарат иелерін зардап шеккен әйелге зейнет жасына жеткенше ай сайын 177 мың теңге төлеуге міндеттеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында қатты жел ұшырған ғимарат шатырының астында қалып, І топтағы мүгедектік алған әйел сот арқылы өтемақы өндіріп алды. Енді ғимарат иелері оған зейнет жасына жеткенше ай сайын 177 мың теңге төлеуге міндетті.
Оқиға 2023 жылдың мамыр айында Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында болған. Қатты жел ғимараттың шатырын ұшырып әкетіп, ол әйелдің үстіне құлаған. Салдарынан зардап шегуші ауыр дене жарақатын алып, І топтағы мүгедек болып қалған.
2024 жылдың қазан айында Жамбыл аудандық соты ғимарат иелерінің бірінен әйелдің пайдасына 8,5 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен 10 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы шешім шығарған. Кейін облыстық сот материалдық шығын көлемін 4,3 миллион теңгеге дейін азайтқан.
Алайда зардап шегуші емделуге, денсаулығын қалпына келтіруге және көшуге байланысты қосымша шығындары жалғасып жатқанын айтып, сотқа қайта жүгінген.
Ол медициналық көмекке, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алуға, сондай-ақ қосымша емшараларға жұмсаған қаражатын растайтын құжаттарды ұсынған.
Сонымен қатар алған жарақатының салдарынан жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғанын айтып, ай сайын 218 мың теңге жоғалтқан табысын өндіріп беруді сұраған.
Сот әйелдің оқиғаға дейін әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істегенін және айына 189 мыңнан 218 мың теңгеге дейін жалақы алғанын анықтады.
Еңбекке қабілеттілігін жоғалту деңгейі 90 пайыз екенін ескерген сот ай сайын өтелуге тиіс табыс мөлшерін 177 мың теңге деп белгіледі. Жауапкерлер бұл соманы әйел зейнет жасына жеткенге дейін ай сайын төлеуге міндеттелді.
Бұдан бөлек, ғимараттың екі иесінен ортақ жауапкершілік тәртібімен 1,4 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен мемлекеттік баж өндірілді.
Жауапкерлер сот шешіміне шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы оны өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.
Еске салайық, 2023 жылдың мамыр айының басында Жамбыл облысында қатты дауыл болып, жел екпіні секундына 28 метрге жеткен. Сол кезде ғимараттың ұшқан шатыры әйелдің үстіне құлап, оны үлкен шатыр жабындары басып қалған. Зардап шегуші ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.
Материал авторы