Дропперлер, криптоәмияндар және 1 млрд теңге: Қазақстанда қаржы схемасы әшкереленді
Заңсыз криптоайырбастау орны арқылы 1 млрд теңгеден астам цифрлық актив сатылып, ұйымдастырушылар 178 млн теңге табыс тапқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысында миллиард теңгеден астам қаражат айналымға түскен заңсыз криптоайырбастау орнының ұйымдастырушылары мен есірткі саудасынан түскен ақшаны жылыстатуға қатысқан азаматтардың бірі сотталды. Қылмыстық схема аясында Binance платформасы пайдаланылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, сотталғандар Астана халықаралық қаржы орталығының алаңдарын айналып өтіп, тиісті рұқсатсыз Binance платформасындағы P2P сервисі арқылы криптовалюта саудасын жүргізген.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз криптоайырбастау арқылы жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын цифрлық активтер сатылған. Ал осы операциялардан түскен табыс 178 млн теңгені құраған.
Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастырумен айналысқан. Қаражатты қабылдау және аудару үшін дропперлер тартылып, олар өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген. Мұндай аударымдардың жалпы сомасы 600 млн теңгеден асқан.
Кейін ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасымен айналысатын адамдардың криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу барысында анықталған аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT болған.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа қатысы бар тұлғалар жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына рәсімдеген. Кейін көліктер коммерциялық мақсатта пайдаланылып, заңды тұлғаларға жалға берілген.
Сот үкімімен айыпталушылар екі және үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Мемлекет кірісіне төрт арнайы техника тәркіленіп, қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам қаражат та өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген.
Материал авторы