442

«Тірі қалғандарың өкінішті»: қазақ халқына қатысты пікір желіде дау тудырды (ВИДЕО)

Ашаршылық құрбандарына қатысты қорлайтын сөз айтқан әйелге тексеру жүргізу талап етілді.

«Тірі қалғандарың өкінішті»: қазақ халқына қатысты пікір желіде дау тудырды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық Threads сегментінде 1930-жылдардағы ашаршылықтан аман қалған қазақтарға қатысты айтылған делінген қорлайтын сөз қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан жарияланған ақпаратты тексеріп, тиісті шара қабылдауды талап етуде.

Даулы жазбаны Threads әлеуметтік желісіндегі @kairat_bolatuly_71 аккаунты жариялаған. Қоса берілген видеода әйел адамның бейнесі көрсетіліп, оған «Жаль, что вы выжили» («Тірі қалғандарың өкінішті») деген пікірді жазды деген айып тағылған.

Жазба авторының мәлімдеуінше, әйел бұл сөзді қазақ халқының басынан өткен тарихи қасірет талқыланған жазбаның астына қалдырған. Видеода оның Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны екені де айтылады. Алайда бұл мәліметтер әзірге тәуелсіз түрде расталмаған.

«Қазақстанда тұрады, бірақ қазақтарды жек көреді» деген мазмұнда пікір білдірген жарияланым авторы әйелді ұлтқа өшпенділік танытты деп айыптаған.

Жазба әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Көрсетілген сәтте видео шамамен 7,9 мың қаралым жинаған. Пікір қалдырғандардың бір бөлігі, егер ақпарат расталса, әйелді жауапқа тартуды талап етуде.

Кейбір қолданушылар полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының аккаунттарын белгілеп, оқиғаны тексеруге шақырған. Сондай-ақ ресми өтінішті e-Otinish платформасы арқылы жолдауды ұсынғандар бар.

Дегенмен пікір білдірушілердің арасында жағдайды ушықтырмауға, өзара қорлау мен ұлтаралық араздыққа жол бермеуге үндегендер де кездеседі.

Айта кетейік, 1930-жылдардың басындағы Ашаршылық Қазақстан тарихындағы ең ауыр трагедиялардың бірі саналады. Зерттеушілердің бағалауынша, күштеп ұжымдастыру, малды тәркілеу және кеңестік биліктің өзге де саясаты салдарынан 1,5 миллионнан астам адам қаза тапқан. Құрбандардың нақты саны әлі де тарихи зерттеулердің тақырыбы болып отыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор