Алматыда сегізінші қабаттан құлаған 13 жастағы баланы дәрігерлер аман алып қалды
24 метр биіктіктен құлаған жасөспірімге төрт рет ота жасалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда сегізінші қабаттың терезесінен құлап, ауыр жарақат алған 13 жастағы жасөспірімнің өмірін дәрігерлер сақтап қалды. Биіктіктен құлаған баланың жағдайы ауруханаға жеткізілген кезде өте ауыр болған. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жазды.
Ведомство мәліметінше, жасөспірім шамамен 24 метр биіктіктен асфальтқа құлаған. Оны жедел жәрдем бригадасы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізген.
Дәрігерлер баланың бас-ми жарақатын, миының соғылуын, қол-аяғының бірнеше жерден сынғанын, кеуде қуысы мен құрсақ қуысы ағзаларының зақымданғанын анықтаған. Сонымен қатар жасөспірімде жарақаттық шок болған.
Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер жарақаттардың көлемін анықтау үшін басынан аяғына дейін компьютерлік томография жасап, қажетті емдеу шараларын бастаған.
№1 балалар клиникалық ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетәлі Мәкілбековтің айтуынша, медицина мамандары алғашқы сәттен бастап баланың өмірлік маңызды функцияларын тұрақтандыруға бағытталған шұғыл ем жүргізген.
Алғашқы екі тәулік бойы реаниматологтар жасөспірімнің жағдайын тұрақтандыруға күш салған. Кейін оған ота жасалып, үшінші күні травматология бөліміне ауыстырылған.
Жалпы емдеу барысында травматологтар мен реаниматологтар төрт операция жасаған. Оған хирург Әділжан Нұров, анестезиолог Медетәлі Мәкілбеков және ассистенттер Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысқан.
Аурухана директорының орынбасары Құрметбек Тоқтардың мәлімдеуінше, барлық операция сәтті аяқталған. Қазір баланың жағдайы оң болжам жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен оған әлі де ем қабылдап, қалпына келу және оңалту кезеңінен өту қажет.
Қазіргі уақытта жасөспірім ауруханадан шығарылып, емін емханада жалғастырады. Ал желтоқсан айында оңалту курсынан өтеді.
Материал авторы