680

«Гарвардқа түстім, тоғыз тіл білемін»: желіде павлодарлық оқушының жетістіктеріне қатысты күмән туды

Мектеп оқушысы өзінің 9 тоғыз университеттен шақырту алып, 9 тіл білетінін айтып желіде танылған еді.

«Гарвардқа түстім, тоғыз тіл білемін»: желіде павлодарлық оқушының жетістіктеріне қатысты күмән туды
instagram.com/aihanym_polyglot_languages

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде өзінің тоғыз тіл меңгергенін және Гарвард университетіне оқуға қабылданғанын мәлімдеген оқушы Айханым Оқасованың мәлімдемелері қызу талқыланып жатыр. Threads желісіндегі қолданушы оның шетелдік жоғары оқу орындарынан алғанын көрсеткен шақыру хаттарының түпнұсқалығына күмән келтіріп, университет өкілдеріне тікелей жүгінгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, оқу орындары ұсынылған құжаттардың жалған екенін растаған. Бұл туралы Threads желісіндегі daniyalsul қолданушысы жазды.

Жазба авторы Айханымның Гарвард университетінің Harvard Extension School бөлімшесіне қабылданғаны туралы ақпаратқа назар аударған. Оның пікірінше, оқушының қазан айында қабылданғаны жөніндегі мәлімдемесі күмән тудырады. Бұған қоса, Айханым түсемін деген Bachelor of Liberal Arts бағдарламасына мектеп бітіргеннен кейін кемінде бес жыл өтуі керек деген талап барын алға тартқан. Ал қыздың әлі 11-сыныпта оқитынын айтады.

Сурет: threads.com/@daniyalsul

Автор тағы бір сәйкессіздікке тоқталған. Айханым жариялаған мәліметте International Student Scholarship грантын алғаны көрсетілген. Алайда Threads қолданушысы Harvard Extension School сайтынан мұндай атаумен грант таба алмағанын жазады.

Ол қыздың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған Гарвардқа қабылданғаны туралы хатты университет өкілдеріне жібергенін айтады. Оның сөзінше, оқу орнының өкілдері құжаттың қолдан жасалғанын растаған. Бұған қоса, автор Айханымның Гарвардқа түскенін жариялаған видеосында университеттің қабылдау туралы шешімі көрсетілген экранды көрсетпегеніне назар аударған.

Миннесота университетінің хатына қатысты да сұрақ бар

Жазба авторы Айханымның University of Minnesota Twin Cities оқу орнына қабылданғаны туралы хатын да тексерткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, университет өкілдері бұл құжаттың да түпнұсқа емес екенін айтып, жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін деген пікір білдірген.

Сурет: threads.com/@daniyalsul

Айханымның FLEX бағдарламасына қатысқаны туралы мәлімдемесі де күмән тудырған. Қолданушы жарияланған суретте тек өтінімнің жіберілгені туралы хабарлама барын көрсетеді. Ал FLEX — мектеп оқушыларына АҚШ-та бір оқу жылын өткізуге мүмкіндік беретін алмасу бағдарламасы. Өтінім беру бағдарламадан өткенін білдірмейді.

Тоғыз тіл білемін деген мәлімдемесі де талқыланды

Threads авторы Айханымның тоғыз тілді меңгергені туралы мәлімдемесіне де тоқталған. Ол қыздың корей тілінде жазған мәтіндерін корей достарына көрсеткенін, ал олардың жазбалардың сапасына күмән келтіргенін айтады. Дегенмен автор мұның өзі тіл деңгейін нақты бағалауға жеткіліксіз екенін де атап өткен.

Сурет: instagram.com/aihanym_polyglot_languages

Қытай тілін меңгергенін дәлелдеу үшін жарияланған «Chinese for HSK 5» сертификаты да сұрақ туғызған. Жазба авторының түсіндіруінше, бұл атау Coursera платформасындағы онлайн-курстың да атауы. Сондықтан мұндай сертификаттың болуы HSK 5 емтиханын тапсырғанын өздігінен дәлелдемейді.

Даудың ортасында ақылы білім беру платформасы да бар

Жазба авторын алаңдатқан тағы бір мәселе — Айханымның Ailingo платформасы арқылы балаларға тіл үйретуі. Оның пікірінше, күмәнді жетістіктерді жарнамалау тек әлеуметтік желідегі беделге қатысты емес, ата-аналардың білім беру қызметіне төлейтін ақшасына да әсер етуі мүмкін. Алайда платформаның қанша оқушысы бар екені және ата-аналардың қанша қаражат төлегені туралы нақты мәлімет жарияланбаған.

Өзіне тағылған айыптарға Айханым да жауап берді. Ол Harvard College емес, Harvard Extension School бөліміне құжат тапсырғанын, бұлардың қабылдау талаптары мен мерзімдері әртүрлі екенін түсіндірді. Қыздың айтуынша, құжаттарын 2025 жылы жіберіп, жауабын 2026 жылдың қазанында алған. Сондай-ақ Ailingo білім беру платформасы Гарвард университетінің өкілдерімен ынтымақтасатынын мәлімдеді.

Алайда жазба авторы бұл түсіндірмемен келіспейді. Ол сөз болып отырған бағдарламаға мектеп оқушылары тікелей өтініш бере алмайтынын айтып, университеттің құжатты жалған деп растағаны туралы мәлімдемесін қайталады.

Осылайша, әлеуметтік желіде Айханымның шетелдік университеттерге түсуі, тіл білу деңгейі және білім беру жобасының жарнамасы төңірегінде дау өршіді. Әзірге жарияланған мәліметтер — Threads қолданушысының тексеру нәтижелері мен Айханымның өз түсіндірмесі. Құжаттардың түпнұсқалығына қатысты түпкілікті қорытынды жасау үшін университеттердің ресми жауаптары мен өзге де дәлелдерді толық қарастыру қажет.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор