1312

БҚО-да шенеунік Ресейден келген фураларды өткізу үшін 100 млн теңге пара алған

Сот шенеунік пен ақша жеткізген делдалды бас бостандығынан айырды.

БҚО-да шенеунік Ресейден келген фураларды өткізу үшін 100 млн теңге пара алған
ҰҚК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушы пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Ресейден Қазақстанға жүк көліктерін кедергісіз өткізуге көмектескені үшін 100 млн теңге алған.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қыркүйек-қазан айларында сотталушы Р. Ресей азаматының біріне заңсыз сыйақы үшін жүк көліктерінің шекарадан еш кедергісіз өтуіне жәрдемдесуге уәде берген. Келісім бойынша Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттерінен 1003 жүк көлігі кедергісіз өтуі керек болған.

Шенеунік жүк тасымалына жалпы қамқорлық жасап, ықтимал кедергілерді айналып өтуге көмектескені үшін 100 млн теңге алған. Бұдан бөлек, пара берушіге өзіне қатысы бар компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгені туралы ақпарат беріліп, туындаған шектеулерді айналып өту жолдары ұсынылған.

Ақшаны жеткізуде делдал болған К. есімді азамат бұл қызметі үшін 24,8 млн теңге алған.

Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы шенеунікті 12 жылға, ал делдалды бір жарым жылға соттауды сұраған. Алайда сот екі айыпталушының да кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Сонымен қатар Р. үшін өзі қабылдаған антты бұзу ауырлататын мән-жай ретінде танылған.

2026 жылғы 4 қарашада сот Р.-ны аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал К. бір жыл алты айға сотталды. Екеуіне де белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сондай-ақ олардың мүлкі тәркіленуге жатады.

Сот заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын мемлекет кірісіне тәркілеу және қылмыстық жолмен иемденген сомаларды өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Материал авторы