Атырауда Ақан Сатаев ауруханаға жатқызылды
Ақан Сатаев әлеуметтік желідегі жазбасында Атыраудағы кардиоорталықтың дәрігерлері мен қызметкерлеріне алғыс айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, режиссер Ақан Сатаевтың денсаулығына байланысты Атырау қаласындағы кардиологиялық орталыққа жатқызылғаны белгілі болды.
Режиссер ауруханаға түскені туралы жаңалықты жеке парақшасында жариялаған. Алайда ол медициналық көмекке жүгінуіне не себеп болғанын әзірге ашып айтқан жоқ. Тек жақын уақытта емдеу мекемесінен шығып, түсірілім жұмыстарына қайта оралатынына үміт білдірген.
«Қазір Атырау қаласындағы кардиоорталықта жатырмын. Мұның себебін кейінірек айтамын. Ең бастысы, жақын арада бұл жерден шығып, түсірілім алаңына қайта ораламын деп үміттенемін. Аллаға шүкір!» – деп жазды Ақан Сатаев.
Сонымен қатар режиссер медициналық орталықтың дәрігерлеріне, қызметкерлері мен басшылығына кәсібилігі және науқастарға көрсеткен ерекше қамқорлығы үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, қазір Ақан Сатаев Маңғыстау облысында батыр Төремұраттың өмірі мен ерлігін арқау еткен «Қан мен серт» тарихи фильмін түсіріп жатыр. Картинаның бірқатар көрінісі табиғи локациялар мен тарихи орындарда түсірілуде.
Фильмге Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, актерлер Дінмұхамед Әхімов пен Болат Әбділманов қатысып жатыр.
Материал авторы