451

TikTok-та балағат сөз айтқан астаналық қыз айыппұл арқалады

Полиция әлеуметтік желіні бақылау кезінде 20 жастағы қыздың тікелей эфирде әдепсіз сөздер қолданғанын анықтаған.

TikTok-та балағат сөз айтқан астаналық қыз айыппұл арқалады
instagram.com/police__astana

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 20 жастағы тұрғын TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, айыппұл салды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Полиция мәліметінше, құқық қорғау органдары TikTok желісіне мониторинг жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті бұзу дерегін анықтаған. Тікелей эфир кезінде қыз әдепсіз әрі дөрекі сөздер қолданып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Полицейлер құқық бұзған азаматтың жеке басын анықтады. Ол – 20 жастағы Айтуған Байдалиева.

Істі қараған сот қызды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

Полиция өкілдері қоғамдық орындардағы тәртіпті бұзғаны үшін ғана емес, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен тікелей эфирлер кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттер үшін де жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Ведомство азаматтарды интернетте де әдеп нормаларын сақтап, өзгелерге құрметпен қарауға шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор