590

Ақтөбеде әйелді бұрынғы күйеуі өлтірді: артында кішкентай қызы қалды

Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде қаралы хабар жариялап, әйелдің артында кішкентай қызы қалғанын жеткізді.

Ақтөбеде әйелді бұрынғы күйеуі өлтірді: артында кішкентай қызы қалды
instagram.com/zhanarly_kyz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде 5 қарашаға қараған түні 26 жастағы әйел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстарының айтуынша, әйелдің артында кішкентай қызы қалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Қайғылы жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Марқұмның жақыны Threads желісіндегі парақшасында әйелдің бұрынғы күйеуі тарапынан өлтірілгенін жазған. Оның сөзінше, екеуінің ортақ баласы болған.

Марқұмның тағы бір туысы да әлеуметтік желіде қаралы хабар жариялап, жақынынан айырылғанына қайғыратынын жеткізді. Ол марқұмның артында қалған баласына және ата-анасына алаңдаушылық білдірген.

Ақтөбе облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиевтің мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталған. Қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Алдын ала болжам бойынша, оқиға бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжалдан туындаған. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Полиция өкілдері бұған дейін бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжалдарға қатысты құқық қорғау органдарына ешқандай арыз-шағым немесе хабарлама түспегенін атап өтті.

Материал авторы