Балықтар мен дельфиндер қағаздан «тірілді»: Алматы балабақшасында ерекше семинар өтті
№166 балабақшада өткен интерактивті семинарда балалар салған теңіз жануарларының суреттері 3D-бейнеге айналып, қозғалысқа келді.
Алматыда бүлдіршіндер салған суреттер жасанды интеллект көмегімен 3D-бейнеге айналды. Қағаз бетіне түскен түрлі түсті балықтар, дельфиндер мен тасбақалар цифрлық кеңістікте қозғалып, балаларға ерекше әсер сыйлады. Бұл тәжірибе №166 балабақшада ұйымдастырылған интерактивті семинар барысында таныстырылды.
«Суастындағы суреттер әлемі» атты шеберлік сабағында балалар теңіз жануарларын бейнелеп, суреттерін түрлі түске бояды. Кейін арнайы цифрлық құралдардың көмегімен олардың жұмыстары қозғалыстағы 3D-бейнелерге айналды. Бүлдіршіндер өздері салған кейіпкерлерін экраннан көріп, таңданысы мен қуанышын жасырмады.

Мұндай тәсіл балалардың қиялын дамытуға, өз шығармашылығының цифрлық ортада қалай көрініс табатынын түсінуге мүмкіндік береді.
«Бала өзі салған суретінің қозғалғанын көргенде, ерекше қуанады. Біз үшін маңыздысы – сол қызығушылықты баланың ойлау қабілеті мен шығармашылығын дамытуға бағыттау. Жасанды интеллект осыған жаңа мүмкіндік беріп отыр. Балалар жаңа технологияның қызығын көрумен шектелмей, өздері де жаңалық ашуға талпынып, қиялындағы тың идеяларын өмірге әкелгенін қалаймыз», – деді №166 балабақшаның меңгерушісі Альмира Ахтанова.

Әлемдік тәжірибе және тәрбиешілерге арналған жаңа мүмкіндіктер
Жасанды интеллектінің мектепке дейінгі білім беру саласындағы әлеуеті әлемнің бірқатар елінде зерттеліп, тәжірибеге енгізіліп жатыр. Сингапурда роботтар балаларға эмоцияларды тануды үйретуге арналған сабақтарға қатысады. Қытайда ойын арқылы оқытудың жаңа тәсілдері қарастырылса, Финляндияда балалардың сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектесетін роботтар әзірленуде.
Алматыдағы семинар барысында тәрбиешілерге күнделікті жұмысында қолдануға болатын цифрлық құралдар да таныстырылды. Олардың көмегімен сабаққа қажетті көрнекіліктер, дидактикалық ойындар, дамытушы тапсырмалар мен балалардың жас ерекшеліктеріне сай оқу материалдарын әзірлеуге болады.
Бұл құралдар педагогтердің сабаққа дайындалуға жұмсайтын уақытын қысқартып, балалармен тікелей жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік береді.

Жаңашыл бастамаға қолдау
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық жаңғыру мен технологиялық тұрғыдан дамыған қоғам қалыптастыруды елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындаған.
Алматыдағы семинар мектепке дейінгі білім беру саласында да осы бағыттағы жұмыстардың қолға алынғанын көрсетті.
«Бүгінде білім беру саласында жоғары нәтижеге қол жеткізумен қатар, жаңашылдыққа ұмтылу, іздену және тәжірибе алмасу да маңызды. Балабақшалардың өздері бастама көтеріп, әріптестеріне үлгі болатын жұмыстар атқарып жатқаны қуантады. Мұндай тәжірибелердің кеңінен таралуы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Мираш Доскеева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасанды интеллект тәрбиешінің орнын басу үшін емес, оның жұмысын жеңілдету мақсатында қолданылуы керек. Бұл ретте цифрлық құралдарды пайдаланғанда балалардың жас ерекшелігі мен оқу-тәрбие процесінің талаптарын ескеру маңызды.

«Технология тәрбиешіге қызмет етуі керек, керісінше емес. Жасанды интеллект сабаққа қажетті материалдарды тезірек дайындауға, оқу процесін түрлендіруге және балалардың жеке ерекшеліктерін ескеруге көмектеседі. Алайда кез келген жаңалықтың тиімділігі оны қаншалықты орынды қолдануға байланысты. Сондықтан жаңа құралдарды тәжірибеде сыналған педагогикалық әдістермен ұштастыруға мән береміз», – деді Альмира Атханова.
Шараның ең әсерлі сәті балалар өз суреттерінің қозғалысқа келгенін көрген кезде болды. Бірі экраннан өзі салған сегізаяқты іздесе, енді бірі дельфин мен тасбақаның қимылын қызыға тамашалады.

Балалардың қуанышы мен таңданысы жаңа технологияның білім мен ғылымға деген қызығушылықты оятудағы мүмкіндігін көрсетті. Бүлдіршіндер үшін бұл жай ғана қызықты тәжірибе емес, шығармашылық пен цифрлық әлемді байланыстыратын алғашқы қадам болды.
Бүгінгі кішкентай жаңалық ертеңгі үлкен ізденіске бастау болуы мүмкін.