Ташкентте Қарағандыдан барған 15 жас футболшы ауырып қалды
Ата-аналар балалардың қонақүйдегі таңғы астан кейін ауырғанын айтады, алайда тағамнан улану дерегі әзірге расталған жоқ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ташкентте өтіп жатқан халықаралық футбол турнирі кезінде Қарағандыдан барған 15 жас спортшының денсаулығы сыр берді. Ата-аналары балалар қонақүйдегі таңғы астан кейін ауырып қалған болуы мүмкін деп топшылайды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жас футболшылардың Өзбекстандағы медициналық мекемелерге жатқызылғанын растады.
Қазақстандық балалардың жаппай сырқаттанғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Блогер Денис Денскидің мәліметінше, алғашқы шағымдар 31 қазанда команда тоқтаған қонақүйдегі таңғы астан кейін байқалған. Жас футболшылар Ташкентке Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысу үшін барған.
Балалардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналарының айтуынша, бір тәулік ішінде 15 жас спортшының жағдайы нашарлаған. Сондай-ақ ересектер арасында да сырқаттанғандар бар екені хабарланды.
Ата-аналар таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз баланың ауырмағанын алға тартып, оқиғаның себебі тағамнан улану болуы мүмкін деп болжайды. Дегенмен балалардың денсаулығының нашарлауы мен қонақүйдегі ас мәзірі арасында тікелей байланыс әзірге анықталған жоқ.
Блогердің әлеуметтік желідегі жазбасында ата-аналардың айтуынша, зардап шеккен балалар өткен түні Ташкенттегі басқа ауруханаға ауыстырылған. Олардың пікірінше, жаңа медициналық мекемеде емделуге қолайлы жағдай жасалған.
Сол жазбада сырқаттанған балалардың іші өтіп жатқаны, дәрігерлер антибиотикпен емдеуді бастағаны айтылған. Алайда зертханалық талдау нәтижелері әлі белгісіз. Сондай-ақ балалардың бірі бір күн бұрын жансақтау бөліміне түскені хабарланған.
Оқиғаға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді. Ведомствоның баспасөз қызметі Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысушылардың денсаулығы күрт нашарлаған жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.
«Көмекке мұқтаж Қазақстан азаматтарының барлығы Өзбекстан Республикасының мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатқызылды. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады СІМ.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан дипломаттары зардап шеккендердің туыстарымен және Өзбекстандағы медициналық мекемелермен тұрақты байланыста. Жағдай ведомствоның бақылауында.
Балалардың неден ауырғаны әзірге белгісіз. Тағамнан улану туралы болжам ресми түрде расталған жоқ.
Материал авторы