2089

«Халықтық құрылыс» жобасы 100 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді

Атырауда Президент Жолдауындағы бастамалар талқыланды. Кездесуде құрылыс саласын дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту мәселелері көтерілді.

«Халықтық құрылыс» жобасы 100 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда «Халықтық құрылыс» жобасы аясында 100 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама құрылыс саласын дамытып, елдегі әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған. Жоба туралы Атырауда өткен кездесуде Құрылтай депутаты Арман Хайруллин мәлімдеді.

Атырауда Президент Жолдауында белгіленген міндеттер мен бастамаларды түсіндіруге арналған ақпараттық-насихаттық топ жұмысын бастады. Топ мүшелері өңірдегі мекемелердің еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесіп, ел дамуының басым бағыттарын талқыламақ.

Алғашқы кездесу Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтті. Жиынға 100-ден астам адам қатысты.

Кездесу барысында депутат Арман Хайруллин Жолдауда көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған бастамалардың маңызын түсіндірді.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласында учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 40 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Ал білім беру жүйесінде мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, олардың негізгі міндеті – сапалы білім беруге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасау қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ 20 өңірде 237 мың балаға арналған арнайы мектептер салу көзделген.

Жиында «Халықтық құрылыс» жобасына да ерекше назар аударылды. Депутаттың пікірінше, 2027 жылды Құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс елдегі демографиялық өсімге сәйкес әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Қазір жаңа мектептер, мәдениет және әлеуметтік нысандар салу қажеттілігі артып келеді. Құрылыс саласын жандандыру жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етпек.

«Халықтық құрылыс» жобасы елдің дамуына серпін береді деп есептеймін. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Жоба аясында 100 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ол үшін заңнамалық негіздерді жетілдіріп, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмейтін қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды, – деді Арман Хайруллин.