«Барыс» Әлихан Әсетовтың мұз үстіндегі жекпе-жегінен видео жариялады
Әсетов пен қытайлық клубтың шабуылшысы Дживани Смитке төрешілер бес минуттан айып уақыты берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, астаналық «Барыс» хоккей клубы Instagram парақшасында шабуылшы Әлихан Әсетовтың қарсыластарымен болған жекпе-жектерінен бейнежинақ жариялады. Роликке 7 наурыз бен 30 қазандағы ойындардан үзінділер енген. Соңғы оқиға ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында «Шанхай Дрэгонс» командасына қарсы өткен кездесуде болған.
30 қазандағы матч кезінде Әсетов қытайлық клубтың шабуылшысы Дживани Смитпен төбелескен. Екі хоккейші бір-біріне соққы жасағаннан кейін, қазақстандық ойыншы қарсыласын мұз үстіне құлатқан. Төрешілер екі спортшыға да бес минуттық айып уақыты берді.
Кездесу «Барыстың» 4:2 есебімен жеңісімен аяқталды.
Клуб жариялаған видео желі қолданушыларының назарын аударды. Кейбір жанкүйерлер Әлихан Әсетовты кезінде «Барыс» сапында өнер көрсеткен бұрынғы қорғаушы Дамир Рыспаевпен салыстырды.
«Бір кезде оларды Рыспаев ұратын, енді Әсетов», «Әлихан – жарайсың! Дамир Рыспаевтың дәстүрін лайықты жалғастырушы!», «Әсетов – нағыз жігіт. Хоккей ойнайтындар түсінеді» деп жазды желі қолданушылары.
«Барыс» келесі кездесуін 4 қарашада Челябі қаласында жергілікті «Трактор» командасына қарсы өткізеді.
Материал авторы