2204

Ташкентте қазақстандық балалардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Өзбекстан прокуратурасының мәліметінше, қазақстандықтар қонақүйде таңғы ас кезінде шала қуырылған жұмыртқа мен шұжық жеген. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

Ташкентте қазақстандық балалардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды
t.me/Bolalar_ombudsmani

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ташкентте футбол жарысына қатысу үшін Өзбекстанға барған қазақстандық балалар мен олардың жақындарының жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды. 3 қарашадағы мәлімет бойынша, ауруханада 12 бала мен алты ересек адам ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы тұрақты. 

Өзбекстан Бас прокуратурасының мәліметінше, 1 қарашада Қазақстаннан футбол жарысына келген 20 адам, оның ішінде балалар мен олардың туыстары Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкен. Олар шала қуырылған жұмыртқа мен шұжық тұтынған. Сол күні 13 адамның жүрегі айнып, құсу, іш өту, іштің ауыруы және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған.

Осыдан кейін зардап шеккендер жедел жәрдем бригадаларымен эпидемиология, микробиология, жұқпалы және паразиттік аурулар жөніндегі республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталыққа жеткізілген.

Оқиғаға байланысты Ташкент қаласының Чиланзар ауданы прокуратурасы Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 276-13-бабының 1-бөлігі – «Санитариялық заңнаманы немесе эпидемияға қарсы күрес қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қазір Чиланзар аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу тобы алдын ала тергеу жүргізіп жатыр.

Зардап шеккендердің жағдайы

Өзбекстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілінің хабарлауынша, бастапқыда ауруханаға түскен науқастарға «жіті инфекциялық ішек ауруы» және «тағамдық токсикоинфекция» диагноздары қойылған. Зертханалық тексеру үшін қажетті сынамалар алынған.

Бұдан бөлек, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары Чиланзар ауданындағы қонақүй асханасынан дайын тағам үлгілері мен түрлі беттерден сүртінділер жинаған. Олар бактериологиялық зерттеуге жіберілді.

Зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілген. 3 қарашадағы жағдай бойынша стационарда 18 адам – 12 бала мен алты ересек емделіп жатыр. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметінше, науқастардың жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

2 қарашада бала құқықтары жөніндегі уәкіл хатшылығының өкілдері балалар жатқан №5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға барып, жағдаймен танысқан.

Сондай-ақ Өзбекстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Қазақстандағы әріптесі Динара Закиевамен байланыс орнатқан. Екі тарап оқиғаға байланысты қажетті шараларды үйлестіріп отыр.

Оқиға қалай болған?

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағандыдан Ташкентке барған жас футболшылардың ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған еді. Ата-аналарының айтуынша, балалар халықаралық Dostlik Cup 2026 футбол фестиваліне қатысу кезінде тоқтаған қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін өздерін жайсыз сезінген. Ол кезде сырқаттанудың нақты себебі анықталмаған болатын.

Кейін ауруханаға 28 қазақстандықтың жеткізілгені белгілі болды. Олардың 16-сы – бала, 11-і – ата-ана, біреуі жаттықтырушы болған. Барлығы G'ayrat Hoji ota hotel қонақүйінде тұрып, сол жерде тамақтанған.

2 қараша сағат 15:00-дегі мәлімет бойынша, ауруханада жатқан адамдардың саны 14-ке дейін азайған. Медициналық мекемеде 11 бала мен үш ата-ана қалған.

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның хабарлауынша, кәмелетке толмағандар толық сауығып шыққанша Өзбекстанда болады. Бұл елдің денсаулық сақтау министрі де жағдайды бақылауына алған.

Сондай-ақ Қазақстан дипломаттары зардап шеккендерге консулдық көмек көрсетіп, екі елдің мамандары емдеу шараларын ұйымдастыруға қатысып жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор